Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Республика күні неліктен еліміздің басты ұлттық мерекесі екенін түсіндірді. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.
1990 жылы 25 қазанда еліміздің Жоғарғы Кеңесінің отырысында алты сағатқа созылған қызу талқылаулардан кейін Республиканың мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Жобаның өзін депутаттар, ғалымдар, қоғам қайраткерлерінен құралған қалың топ бес ай бойы әзірледі. Ал Қазақстан тарихында тұңғыш рет іргелі мемлекеттік құжат белсенді қоғамдық талқылаудан өтті.
Декларацияда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері белгіленді.
Алғаш рет елдің егемендік құқықтары бекітілді:
«Осылайша, 1990 жылы 25 қазанда Тәуелсіздігімізді алудың алғашқы қадамы жасалды. Республиканың егемендігі туралы Декларация – тарихтағы тұңғыш конституциялық құжат, қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінің негізі. Бір жылдан кейін 1991 жылғы 16 желтоқсандағы декларацияның қағидаттарына сүйене отырып, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң еліміздің егемен және тәуелсіз мемлекет мәртебесін түпкілікті қамтамасыз етті. Сондықтан Республика күні – еліміздің шынайы тәуелсіздікке жету жолындағы батыл қадамының басты белгісі», – деп жазды Ерлан Қарин.
2022 жылдан бастап Қазақстанда Республика күні жыл сайын 25 қазанда тойланады. Бұрын 1995–2009 жылдары аталып өтілген, бірақ Нұрсұлтан Назарбаев күшін жойған.