×
443.85
474.3
4.8
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.85
474.3
4.8

Өрттің мән-жайын тергеуді, барлық кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырамын - Тоқаев

28.10.2023, 16:00
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты Костенко атындағы шахтада болған апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ең алдымен, құтқару жұмыстарының барысы және қазіргі ахуал туралы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов баяндады.

– Апат кезінде шахтада 252 адам болған. 206 қызметкер өз бетінше көтерілді. Қазіргі уақытта апаттық-құтқару жұмыстарына 10 бөлімше, 55 тау-кен құтқарушы және 12 техника жұмылдырылды. Жұмыстар екі өндіру учаскесі аумағында жүргізілуде. Жаңа өрт ошақтары байқалмайды. Жұмыс тәулік бойы жалғасады, – деді Сырым Шәріпханов.

Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрінің баяндамасын тыңдап болғаннан кейін іздестіру-құтқару жұмыстарын барлық қажетті күшті тарта отырып, күшейтілген режимде жалғастыруды тапсырды.

– Жаңа ғана азаматтар әр 10-15 минут сайын ақпарат беріп тұру мәселесін көтерді. Мүмкіндігінше қамтамасыз ету керек. Халықпен қарым-қатынас жасайтын бір өкіл болсын. Жұртшылықты ақпаратсыз қалдыруға болмайды. Бұл – өте шетін әрі мүлдем жол беруге болмайтын мәселе. Біз күн-түн демей, соңына дейін күресуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният зардап шеккен азаматтарға көрсетіліп жатқан медициналық көмек туралы мәлімет берді.

– Медициналық көмек жедел әрі толық көрсетіліп жатыр. Әртүрлі деңгейде газбен уланғандар токсикология бөлімшесінде ем алуда. Медициналық көмек көрсетуге барлық дәрігер жұмылдырылды, – деді Ажар Ғиният.

Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қаза тапқан кеншілердің отбасыларына қандай әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты.

– Қаза тапқан азаматтардың отбасыларына асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы тағайындалады. Ол республикалық бюджеттен, әлеуметтік сақтандыру қорынан және өмірді сақтандыру компаниясынан төленеді. Жәрдемақы көлемінің жалпы орташа мөлшері асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 400-500 мың теңгеден басталады. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болса, онда 23 жасқа дейін төленеді. Әзірге барлық төлемді өтеу «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жүктеледі. Кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес жылдық төлем тәуекелдерін төлеуге міндетті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығынды, сондай-ақ балаларды жоғары оқу орындарында оқытуды өз мойнына алуға тиіс, – деді Светлана Жақыпова.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынға тиесілі меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру жөніндегі мәмілені ресімдеу процесі аяқталуға жақын екенін баяндады.

Үкіметтік комиссия мүшелерінің баяндамаларын тыңдаған Президент апатты жою және кеншілерді құтқару үшін барлық шараны қабылдауды, сондай-ақ қаза тапқан және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету жөнінде тапсырма берді.

– Сіздердің міндеттеріңіз – адамдармен тікелей жұмыс істеу, кездесу, сондай-ақ жедел топты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Біз қазір қалыптасқан жағдайды түсіндіру, ең бастысы, шешім қабылдау үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Жергілікті әкімдік тиісті шешім қабылдауы қажет. Кәсіпорынның сұраныстарына сүйене отырып, қажетті нәрсенің бәрін анықтаңыздар. Үкіметтік комиссия барлық мәселені пысықтауға тиіс. Мен не істеу керек екенін айттым. Әркім өзіне қатысты жұмысты біледі. Министрлер, басшылар өздерінің жұмыс тәсілдерін білуі керек. Президент әр оқиға сайын келіп, тапсырма береді деп күтіп отыруға болмайды. Вадим Борисович Басинге кәсіпорынды басқаруды өз қолына алуды тапсырамын. Үкімет пен әкімдікке жан-жақты тиісті көмек көрсетуді, Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі құрылымдармен бірлесіп, апат салдарын жою және кеншілерді құтқару үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырамын. Ішкі істер министрлігі зардап шеккен адамдардың отбасыларымен жұмыс істеуі керек. Үкіметтік комиссияға азаматтардың қаза болуына әкеп соқтырған өрттің мән-жайын тергеуді, барлық кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары