×
446.49
475.38
4.79
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
446.49
475.38
4.79

Астанада науқас балалар мен қарттарды қорлаған студентке үкім шықты

30.10.2023, 10:49
Коллаж: Ulysmedia.kz

Астанадағы сот науқас балалар мен қарттарды қорлады деп айыпталған болашақ дәрігерге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сот студентті Қылмыстық кодекстің 110 бабы бойынша кінәлі деп таныды.

"Орташа қауіпсіздік түзеу мекемесінде 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы өзгертіліп, дереу қамауға алынсын", - деді судья.

Сондай-ақ, сотталушы жәбірленушілерге 4 млн теңге көлемінде моральдық залал төлеуге міндеттелді.

Сотта анықталғандай, болашақ дәрігер деменциямен, сөйлеу мен көру қабілетінің, есте сақтау қабілетінің жоғалуымен ауыратын науқастардың және аутизммен ауыратын кәмелетке толмаған баланың құқығын бұзған.

"Жәбірленушілер ерекше күтімді қажет ететіні және сотталушы тарапынан азаптауға ұшырағаны анықталды. Айыпталушы медициналық мекемеде жұмыс істеп, жәбірленушінің ауруы туралы біле тұра, оны тепкіледі. Содан кейін дөрекі түрде төсегіне баруды талап етті. Сондай-ақ, басынан бірнеше рет ұрды. Тістері жоқтығына қарамастан науқасқа қатты нан жеуге мәжбүрледі", - деді судья.

Сотталушы аутизммен ауыратын баланы да азаптаған.

"Баланы азапқа салып, отырып-тұруға мәжбүрлеп, қолынан тартқан. Баланың спорттық шалбары арқылы сұқ саусағын оның жыныстық мүшесіне сұққан. Барлық қылмыстық әрекеттерді ұялы телефонға түсіріп, таныстарына жіберген", - деді судья.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты.

"Бұл жұмыс менің алғашқы медициналық тәжірибем болды. Мұндай жұмысты қабылдау маған өте қиын болды, оқу мен жұмысты қатар алып жүргенім жетіскендіктен емес. Пәтер жалдау, тамақ пен киім-кешек алу үшін бос уақытымда жұмыс істеуіме тура келді. Мен 1946 жылы туған әжемнің асырауында болдым және әлі де соның қамқорлығындамын.

Үнемі ұйқым қанбайтын, сабаққа дайындалуға кейде уақытым да болмайтын. Орталықтағы жағдайды көрдіңіздер – көңілсіздік, науқастар жиі өліп жатады, жағдайы ауыр науқастарға күтім жасау керек. Бірақ соған қарамастан орталық қызметкерлері өз жұмыстарын атқарып, жүктелген міндеттерді орындады.

Қызметкерлерге шабуыл жасау және орталықтан қашу деректері жиі болды, олар үшін біз толығымен жауапты болдық. Бірнеше ай жұмыс істегеннен кейін мен, өкінішке қарай, пациенттеріме деген жанашырлық сезімін жоғалта бастадым. Бірақ тапсырманы орындау міндеті тұрды. Мен моральдық, психологиялық тұрғыдан шаршай бастадым, жұмыстан қажыдым және эмоцияларға жол бердім", - деді ол.

Сотталушы науқастар өзін әдейі мазақ етіп жатқандай көрінгенін айтты.

"Бұл адамдар әдейі дұрыс емес әрекеттер жасап, оларды жуып, тазалап отыруым үшін мені мазақ еткендей көрінді.

Мен бұған қатты өкінемін, іс-әрекетімді ештеңе ақтай алмайды. Бұл жастық ақымақтықпен болды, мен өз әрекеттерім үшін жауап берген жоқпын. Мен оларға ауыр физикалық зиян келтіруді ешқашан мақсат еткен емеспін, тек қорқытқым келді.

Мен олардың маған мойынсұнғанын, дәретке дұрыс барғанын, үстерін ластамағанын қаладым. Дұрыс тамақтанып, ұқыпты болып жүрсе дедім", - деді ол.

Еске салайық, адам сенгісіз сұмдық жағдай туралы шілде айында белгілі болды. Оқиға Астанадағы клиникалардың бірінде болған. Медицина университетінің студенті онсыз да тағдырынан теперіш көріп айықпас дертпен күресіп жатқан науқастарға көрсетпегенді көрсеткен, ұрып-соққан. Тіпті, мүгедектерді өз нәжістерін жеуге мәжбүрлеген. Айуандық әрекетін оңалту орталығында балалармен жұмыс істегенде де жалғастырған. Ол өзінің барлық әрекеттерін камераға түсіріп, достарына жіберген. Достары оның ісін қолдап-қолпаштап, видеосын әлеуметтік желіге таратқан.

Жәбірленушілердің туыстары құзырлы органдарға жүгінгеннен кейін қылмыстық іс қозғалып, қатыгез студенттің ісі сотқа жетті.Талапкерлер – қайтыс болған қарттардың туыстары және аутизм дертімен ауыратын баланың анасы. 22 жастағы жігіттің әрекетінен зардап шеккен өзге адамдар мәселелерін сотсыз шешіпті.

Серіктес жаңалықтары