ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын "Қазақстан темір жолына" қайта беру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“2018 жылы Қазақ көлік және коммуникация академиясы жекешелендіру процесі арқылы жекенің қолына өтіп кетті. Қазір болып жатқан жағдайға министрліктің еш қатысы жоқ. Бұл екі компанияның арасындағы мәселені сот шешеді. Министрлік жекеменшік университеттерді қалай реттей алады? Академиялық саясаты мен мемлекеттік стандартқа сәйкестігін ғана қадағалай алады. Қазіргі таңда заңнамамалық реттеу осылай белгіленген. Сондықтан бұл дауға қатысымыз жоқ, оған қатысты түсініктеме бере алмаймыз”, – деді министр.
Саясат Нұрбек ЖОО өкілдері министрлікке жүгінбегенін атап өтті.
Еске салайық, бұдан бұрын М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының оқытушылары мен қызметкерлері ел президентіне, үкімет басшысына, Парламент мәжілісінің спикеріне және көлік министріне ЖОО-ны мемлекетке қайтару туралы өтінішпен жүгінген.
Олардың айтуынша, 2018 жылғы 17 сәуірде "ҚТЖ "ҰК" АҚ мен "Alimax Group" ЖШС арасында "Қазақ көлік және коммуникация академиясы" АҚ акцияларының 100% пакетін сатып алу-сату шарты жасалды. Сатып алу бағасы – 10 млрд теңгеден астам. Осы шарт күшіне енген сәттен бастап университетті басқару жүйесіндегі "керемет" жаңғыртулар және бүкіл оқу процесін бұзатын мүлдем түсініксіз құрылымдық өзгерістер басталған.