Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов неліктен базалық мөлшерлемені 16%-дан төмендетуге болмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үкімет еліміздің үш жылдық бюджетінің жобасын ұсынған пленарлық отырыс барысында Ұлттық банк басшысынан 2026 жылға қарай инфляцияның 5%-ға дейін төмендеуіне қандай факторлар әсер ететіні және базалық мөлшерлеме инфляцияны қаншалықты тежейтіні сұралды.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, 16%-дық базалық мөлшерлеме өз рөлін атқарды, өйткені қазір Қазақстанда инфляция айтарлықтай төмендей бастады.
"Егер ол өткен жылдың қорытындысы бойынша және осы жылдың басында 21%-дан астам болса, қазір 10,8%. Яғни, Үкімет те, жергілікті атқарушы органдар да Ұлттық банктің жеткілікті қатаң ақша-кредит саясатымен бірлесіп, айтарлықтай жұмыс жүргізді, бұл өз жемісін бере бастады", - деді ол.
Ұлттық банк басшысы базалық мөлшерлемені күрт төмендетуге болмайтынын атап өтті.
"Инфляция – бұл жекелеген тауарлар бойынша бағаның өсуі ғана емес, бұл экономика бағасының жалпы өсуі. Және ақша массасының тауарлық массадан асып кетуі. Сарапшылардың бағалауы бойынша қаржы жүйесінде төрт триллионға жуық еркін өтімділік бар. Яғни, бұл ақшаға тауар жоқ. Мұндай жағдайда ақша барлық бағаларға қысым жасайды. Өнімдерден бастап, жылжымайтын мүлік, автомобильдер, ұзақ мерзімді тұтыну тауарларының бағасына дейін", - деп нақтылады Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасы қаржы реттеушінің негізгі міндеті – бұл артық ақша массасын тауар нарықтарына жібермеу екенін атап өтті. Сүлейменов егер базалық мөлшерлеме күрт төмендесе, онда банктердің қызығушылығы төмендейді және бұл ақша валюталық немесе тұтыну нарықтарына құйылады деп мәлімдеді.
"Сондықтан біз монетарлық массаны тежеу үшін базалық мөлшерлемені төмендетеміз деп ойлаймыз, бірақ бірден емес. Премьер-министр болжағандай, бәлкім, инфляцияның 10 және одан төмен пайызы – бұл қол жеткізуге болатын нәтиже", - деді Сүлейменов.
Айта кетейік, бұдан бұрын елде инфляцияның тежелгенін сүйіншілеген Ұлттық банк пен Үкімет бұл кімнің еңбегі екенін анықтай алмай, жарты жеңіске таласып қалған.
Алайда қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтің пікірінше, инфляцияның төмендеуі – маусымдық құбылыс.
Күзде инфляция әрдайым төмендейді, өйткені егін жинау науқанында өнімдер арзандайды. Тек осы табиғи себептерге байланысты инфляция 11,8 пайызға дейін төмендеді. Желтоқсан айында инфляция қайтадан жеделдейді, қаңтарда ол қарқын алады, ақпанда біз үнемі азық-түлік инфляциясының шарықтау шегіне жетеміз. Өйткені тамақ жоқ, оны сақтау қиындайды – бәрі қымбаттайды. Сондықтан қазіргі төмендеу Ұлттық Банктің еңбегі болуы мүмкін, бірақ әдеттегі маусымдық фактордың әсері көбірек, – деді ол.