×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Delta Bank ісі: ҚДБ мен БЖЗҚ олигарх Тілеубаевтан миллиардтаған теңге өндіруге ниетті

02.11.2023, 11:03
Delta Bank ісі: ҚДБ мен БЖЗҚ олигарх Тілеубаевтан миллиардтаған теңге өндіруге ниетті
Коллаж: Ulysmedia.kz

"Қазақстанның Даму банкі" АҚ мен БЖЗҚ Delta Bank ісі бойынша сотталған олигарх Нұрлан Тілеубаевқа қарсы миллиардтаған теңгеге талап-арыз берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Delta Bank ісі

Іс материалдарына сүйенсек, 2012-2017 жылдар аралығында Нұрлан Тілеубаев қайтарылмайтын несиелер беру арқылы банктен қаражатты алып шығарған. Қылмыстық қызметтен келтірілген залал – 200 млрд теңге, 200 млн доллар және 4 млн еуроны құрады. Маусым айында сот олигархты 10 жылға бас бостандығынан айырды.

“Қазіргі уақытта Н.Тлеубаевтың және оның компанияларының заңсыз қызметінің құрбандары ретінде «ҚазИнвестБанк» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ және «БЖЗҚ» АҚ болып табылады”, – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.

Олигархтың қандай мүліктері тәркіленді

Тергеу барысында Тілеубаев пен оның туыстарына тиесілі мүлік анықталып, оған тыйым салу туралы санкция берілгені хабарланды:

  • Чехияның Прага қаласында орналасқан элиталық мейрамхана
  • төрт бөлмелі пәтер
  • 3 компаниядағы 100% акциялары
  • БАӘ-дегі құны шамамен $5 млн болатын Palm Jumeirah-та орналасқан вилла
  • Латвияда орналасқан «Вентспилс астық терминалының» 100% үлесі.

Сондай-ақ, Н.Тілеубаевқа тиесілі 5 қант зауыты мен 58 нысан Проблемалық несие қорына берілді.

Тілеубаев деген кім

Тілеубаев таратылған "Қазинвестбанктің" және Delta Bank акционері болды, "АӨК-Инвест "корпорациясына" иелік етті. Сондай-ақ, "Астық сақтандыру компаниясы" АҚ акцияларының 50%-ын, "Алиби "Холдингі" ЖШС-де мажоритарлық үлесті иемденді. Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша 50 бай бизнесмен тізімінде 22-ші орында болды.

Тілеубаев сондай-ақ үш банктен (Bank RBK, Еуразиялық банк және Qazaq Banki) ақша жымқыру ісі бойынша жазасын өтеп жатыр. 2021 жылы наурызда сот оны және бұрынғы банкир Жомарт Ертаевты тоғыз жылға бас бостандығынан айырды.