Алтай ауданында мас күйде қызметтік көлікті жүргізген әкім жол апатына ұшырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
YK-news жазуынша, 1 қазанда Алтай ауданына қарасты ауылдық округтердің бірінің әкімі қызметтік Chevrolet Niva көлігінің рөлінде келе жатып, тұрғын үй ауласында тұрған ВАЗ 21099 көлігіне соғылған. Жол-көлік оқиғасы Алтай қаласында болды.
Құқық бұзушы жол жүру ережесіне қатысты кінәсін мойындап, сараптамадан өтті. Анықталғандай, Алтай аудандық сотының материалдарына сәйкес ол жол-көлік оқиғасы кезінде мас күйде болған. Медициналық тексеру жүргізушінің жеңіл дәрежеде мас болғанын анықтады.
«Жаза ретінде сот құқық бұзушыны 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы үкім шығарды», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұдан бұрын Ақтөбеде мас күйінде көлік жүргізген экс-депутатқа үкім шыққан. Ауданаралық сот бұрынғы депутат Сания Мұратованы кінәлі деп танып, 15 тәулік қамауға алу жазасын тағайындады. Сонымен қатар Мұратова жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылады.