Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің бұрынғы ректоры Дамир Шыныбековтің жазасын жеңілдету туралы бұрын шығарылған шешімнің күшін жойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сот мәліметінше, 3 қарашада Дамир Шыныбековке қатысты прокурордың жеке өтініші қаралған.
«Апелляциялық инстанция Ш., ең төменгі қауіпсіздік мекемесіне ауыстыру туралы бұрын шығарылған сот шешімін бұзып, прокурордың жеке өтініші қанағаттандырылды. Сот қаулысы орындау үшін Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне жолданды», - деп мәлім етті облыстық сот.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың маусым айында Дамир Шыныбеков сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемденді немесе ысырап етті деген күдікпен ұсталды. Ол 2009 жылдан бастап ХАТУ ректоры, ал 2017 жылы Алматы мәслихатының депутаты болды.
Экс-ректор мен оның есепшісі 2020 жылы сотталды. Дамир Шыныбеков пен Жанайым Спабекованы 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.