Қазақстанда жетінші ай қатарынан бензиннің ең танымал маркаларының бағасы өсіп келеді. Энергетика министрлігінің газ тапшылығы туралы мәлімдемесінен кейін тіпті күрт көтерілуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бір жыл бұрын бензин 13% арзан болды
Елімізде мемлекет реттемейтін бензин бағасы қайтадан өсті. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазан айында АИ-98 маркалы бензин 3,7%-ға қымбаттады, бұл ретте 2023 жылдың басынан бері отын бағасы 15%-дан астам өсті.
Сонымен қатар, АИ-95 бензинінің бағасы 1,5%-ға өсті, ал 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жанармайдың бұл түрі 18,3%-ға қымбаттады. Бұл автокөлік жүргізушілердің қалтасына айтарлықтай салмақ түсіреді.
Сарапшылар атап өткендей, жалпы Қазақстан бойынша бензин 0,2%-ға қымбаттады, ал өткен жылдың осы кезеңінде отын 13,6%-ға арзанырақ болған. "Дизельге" келетін болсақ, ол бір айда 0,6%-ға, ал бір жылда 35,1%-ға қымбаттады.
Газ бен бензин бағасы теңесе ме?
Бұдан бұрын Мәжіліс кулуарларында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда газ тапшылығы тууы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, елде 2023 жылдың тоғыз айында көгілдір отынға сұраныс 25%-ға өсті. Министр егер автокөлік жүргізушілері өз көліктерін газға ауыстыруды жалғастыра берсе, онда ел импортқа тәуелді болуы мүмкін екенін ескертті.
«Мұндай қарқынмен келешекте газ өңдеу қуаттарының әлеуеті қысқа мерзімдегі қажеттіліктерге жетпей қалуы мүмкін. Тіпті сұйытылған мұнай газын импорттауға мәжбүр болуымыз мүмкін. Ол кезде баға мүлде басқаша болады. Тіпті бензин бағасымен салыстыратындай деңгейге шығуы ықтимал», - деді министр.