Соңғы жылдары елімізде жатақхана ретінде қайта жабдықталған жеке тұрғын үйлер мен коттедждер саны күрт өсті. Әсіресе бұл жағдай Астана, Алматы және Шымкент қалаларына тән, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігі осының салдарынан өрттердің туындау қаупі бірнеше есе артқанын мәлімдеді. Себебі мұндай жатақханалардың ғимараттары қауіпсіздік нормаларына сай бейімделмеген. Мәселен, тек ағымдағы жылдың басынан бастап аталмыш жерлерде 15 өрт тіркелген.
“Жатақханалар мен хостелдерде, оның ішінде оларға қайта жабдықталған жеке тұрғын үйлер мен коттедждерде өрт қауіпсіздігі саласындағы заңнама талаптарының сақталуын тексеру мақсатында ТЖМ ІІМ-мен бірлесіп, 13-17 қараша аралығында «ЖАТАҚХАНА» профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Сонымен қатар, аталмыш жұмысқа мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, еріктілер мен қоғам өкілдері тартылатын болады”, – делінген хабарламада.
Ведомство жатақханалар мен хостелдерде өрт қауіпсіздігі саласындағы бұзушылықтардың барлық фактілері туралы дерек «101» және «112» диспетчерлік қызметінің пультіне хабарлау керегін ескертті.
Айта кетейік, бұдан бұрын ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов қазақстандықтар өртпен күрес мәселелерінде жеке басының қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, жыл сайын жылыту кезеңінің басталуымен өрт саны өсе бастайды. Жалпы, тұрғын үй секторында олардың саны жыл басынан бері 4 мыңнан асты. 203 адам қаза тапты, 193 адамның денесін күйік шалды және уланды. Өрт кезінде қаза тапқандар санының артуы Шымкент қаласында, Жамбыл, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында байқалып отыр.