2023 жылдың III тоқсанында Қазақстан экономикасының түрлі салаларында 9,1 млн адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 6,9 млн адам жалдамалы жұмысшы болса, 2,2 млн адам - өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше,2022 жылдың III тоқсанымен салыстырғанда жалпы жұмыспен қамту 134,5 мың адамға, негізінен жалдамалы жұмыскерлердің (78,4 мың адам) есебінен өсті, сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны (56,1 мың адам) өсті.
Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда (16,6%), білім беру (12,8%), ауыл шаруашылығы (12,2%) және өнеркәсіп (12,1%) салаларында байқалды.
Негізгі жұмыста орта есеппен бір жұмыспен қамтылған халыққа аптасына нақты жұмыс істеген сағаттары 38 сағатты, бір жалдамалы қызметкерге – 40 сағатты, өзін-өзі жұмыспен қамтыған қызметкерге – 34 сағатты құрады.
“Жұмыссыз, бірақ жұмыс іздемеген немесе жұмысқа кірісуге дайын емес адамдар саны (әлеуетті жұмыс күші) 23 мың адамды құрады. Жұмыс күш құрамына кірмейтін адамдардың үлесі – 15 және одан жоғары жастағы халықтың 31,2%”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қазақстанда жұмысынан айырылып, жәрдемақыға жан баққандар саны өсті. 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты 172,3 мың адам әлеуметтік төлем алған.
Сондай-ақ, бұдан бұрын Қазақстанның 8 өңірінде жұмыссыздар көбейгені хабарланған.
Қазақстанның экономикалық зерттеулер институтының сарапшылары Лондондағы әріптестерімен бірлесіп жұмыспен қамту мәртебесін және оның халықтың әл-ауқатына әсерін бағалау үшін зерттеу жүргізді. Зерттеу аясында аймақтық әл-ауқат индексі жасалды. Халықтың еңбек нарығының статистикалық көрсеткіштерін талдай отырып, жұмыссыздық проблемасы 20 өңірдің 8-інде: Түркістан, Маңғыстау, Жетісу, Абай, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында аса өткір екені белгілі болды.