Мәжіліс депутаттары атынан Үкімет басшысына сауалды Жұлдыз Сүлейменова жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Жемқорлық үшін сотталып, артынан рақымшылыққа ие болған, экс-шенеунік өз әйелін өлтірді деген күдікпен жантүршігерлік ашық ақпараттардан қоғам дүрбелеңге түсті. Жығылғанға жұдырық демекші, араға 1 апта уақыт салмай, Талдықорғандағы полицияның қызды зорлау фактісі есеңгіреген қоғамға одан сайын соққы болды. Бұл фактілер, аталған ауыр қылмыстар зорлық-зомбылық мәселесіне қайта назарымызды салып отыр», - дейді депутат.
Сүлейменованың айтуынша, депутаттардың ұсынысымен 3 жыл бұрын бірнеше қатаң өзгерістер заңнамаға енгізілген. Оның ішінде, тұрмыстық зорлық-зомбылық болған жағдайда, қазір хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары жеткілікті. Тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі алынып тасталынып, енді сотта татуласу мүмкіндігі жоқ. Бірақ аталған нақты өзгерістердің өзі отбасындағы әйелдерді қорлауға қажетті деңгейде тоқтау салмай отырғандығы қынжылтады дейді ол. Соның салдарынан жүздеген қазақстандық әйелдер өмірінен, денсаулығынан және болашаққа деген үмітінен айырылып отыр.
Депутат келтірген зерттеулерге сәйкес, 2021 жылы үйдегі зорлық-зомбылықтың сотқа тек 40 пайызы жеткен. Ал ондай абьюзерлерге көбіне кешірім беріліп, босаған, ал олардың тек 39 пайызы ғана 2 сағаттан 3 тәулікке дейін әкімшілік қамауда отырған.
- Отбасылық зорлық-зомбылық, қатыгез патриархалдық озбырлыққа шыдамаған әйелдердің жан дауысын еститін және қатаң шара қабылдайтын уақыт жетті деп білеміз. Осыдан тура бір ғасыр бұрын қазақ халқы дамыған прогрессивті ел болуы үшін әйел теңдігін іске асырып, қоғамдағы қазақ әйелінің ауыр жағдайын шешуге талпынды. Қыздарды білімге, өнерге үндеді, отбасындағы жөнсіз қаталдықты, мейірімсіздікті аяусыз әшкереледі. Қазақ әйелдерінің ендігі тағдыры бәрімізге тікелей байланысты. Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтату үшін – бірінші елімізде құндылықтарға негізделген мәдениетті қалыптастыру, идеологияны жетілдіру, жауапкершілікті күшейту, ең бастысы заңды қатаңдату және оның сапалы орындалуын жүзеге асыруымыз қажет», - дейді депутат.
Қыркүйектің басында балаларға және отбасындағы әйелдерге қарсы жасалатын зорлық-зомбылықты тоқтату мақсатында, аманаттық-депутаттар арнайы заң жобасын тез арада әзірлеген. Үкіметтік емес ұйымдар, белсенді эксперттер, мемлекеттік органдармен бірлескен кеңейтілген Фракция отырысында заң жан-жақты талқыланып, пысықталған.
- Ең бастысы, заң жобасында зорлық-зомбылық қылмыстық іс болып танылады, педофильдер өмірбақи бас бостандығынан айырылады, жауапкершілік пен жаза күшейтіледі. Сонымен қатар, бұл құжат әйелдер мен балаларды қорғауға жоғары жауапкершілік және тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларына қатаң әрекет ету тетіктерін қарастырады. Дегенмен, небір «қыңыр мүдделі» топтардың араласуымен аталған заң тұжырымдасындағы нормаларды Үкімет қолдамай отыр. Әртүрлі эксперттік ортаға салып, түсініксіз себептермен заң әлі Мәжіліске келген жоқ. Өзіміз жасаған, әйелдер мен балаларды нақты қорғайтын заң жобасына қажетті қорытындыны Үкімет созбалауда. Сонда тағы да қаншама әйелдердің тағдырын сынғанын күтеміз бе?!» - дейді ол.
Осы ретте депутаттар келесі шараларды ұсынады.
– Ең бастысы, әйелдер мен балалар зорлық-зомбылықтың құрбаны болмас үшін тіпті жеңіл түрдегі зорлық-зомбылықты қылмыс деп танылуы қажет. Заңнамада жазаны қатайту жүзеге асырылуы тиіс. Әйел мен балаға зорлық-зомбылық көрсеткендерге аяушылық танытуға болмайды. Ешкімнің әйел адамдарды қорлап өлтіруге қақы жоқ! Қылмыскерге қатаң жаза берілуін талап етеміз! Заңнамада тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізетін жауапты мемлекеттік органды бекітетін уақыт жетті. Үкіметтің әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ажырасқан әйелдерге алиментті уақтылы төлеуге бағытталған қатаң шаралар қабылданған мемлекеттік саясатты бекітуді сұраймыз. Отбасылық зорлық-зомбылықтың профилактикасы мен криминализациясы қарастырылған бірнеше депутаттардың бастамасымен әзірленген Заң тұжырымдамасына тез арада оң қорытындыны күтеміз», - деді депутат.