×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Газа секторында қанша Қазақстан азаматы қалғаны белгілі болды

22.11.2023, 17:42
Газа секторында қанша Қазақстан азаматы қалғаны белгілі болды
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстан азаматтарымен эвакуациялау бойынша жұмыс жалғасады. Олармен Египет, Иордания және Израильдегі дипломаттар байланыста, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Умаров алғашқы эвакуация рейсі кезінде Газа секторында 161 қазақстандық болғанын айтты.

- 99 азамат ұшуға ниет білдірді, біз оларға мүмкіндік бердік. Ал 17 адам және олардың отбасы мүшелері әртүрлі себептермен эвакуациялаудан бас тартуға шешім қабылдады. Келіскендерді шығарып алдық. Бұл мәселе бойынша жұмысымыз жалғасуда. Алдағы уақытта ұшуға ниеті бар азаматтар болса, олармен жұмыс істейміз, - деді ол.

Қайрат Омаров жақын арада эвакуациялау рейсі күтілмейтінін айтты.

- 17 Қазақстан азаматы эвакуациядан бас тартуға шешім қабылдады. Негізінде ол жерде 60-қа жуық адам қоныс тепкен. Бірақ Палестина азаматы болып табылатын отбасы мүшелері аз емес. Олардың қатарында біліктілігі жоғары дәрігер бар. Сол себепті олар бұл аумақтан әлі босатылған жоқ, себебі ол жерде дәрігерлердің көмегі ауадай қажет, - деді вице-министр.

Бұған дейін хабарланғандай, 99 жолаушы – Қазақстан азаматтары мен олардың отбасы мүшелері Алматыға арнайы эвакуациялық бортпен аман-есен жеткен болатын.

Газа секторынан қазақстандықтарды эвакуациялау

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «Эвакуацияның сәтті жүргізілуі Қазақстанның Израильдегі, Иорданиядағы және Египеттегі елшіліктерінің осы елдердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен бірлескен үйлестірілген жұмысының нәтижесі», деп атап өтті.

- Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс аймағының сыртқы саясат ведомстволарының басшылығымен келіссөздер нәтижесінде отандастарымыздың Газа секторынан қауіпсіз кетуі туралы келісімге қол жеткізді. Қазақстандық дипломаттар эвакуациялау шараларын ұйымдастыру және қақтығыс аймағында қалған қазақстандық азаматтарға көмек көрсету бойынша жұмысты жалғастырады, - деп сендірді ведомстводан.

Хамас пен Израиль арасындағы соғыс

ХАМАС лаңкестері елдің оңтүстік аймақтарына шабуыл жасап, жергілікті тұрғындарды өлтіріп, адамдарды кепілге алған соң Израиль қорғаныс күштері Газа секторында құрлық операциясын бастады.

Қараша айының басында Израиль әскері (ЦАХАЛ) Газа қаласын толық қоршауға алғанын хабарлады. Содан бері Израиль әскері қалалық шайқастарды жүргізіп, ХАМАС нысандарына соққы беруде.

15 қарашада Израиль сарбаздары Газа секторындағы ең ірі Әл-Шифа ауруханасының аумағына кірді. Олардың айтуынша, ХАМАС-тың командалық бекеті сонда орналасқан. Ауруханада оқтың толастамауы себебінен өауіпті аймаққа кете алмай жүрген бірнеше мың адам бар. Израиль олардың ауруханадан шығуына кедергі келтірмейтініне сендіреді.

Израильдің Әл-Шифадағы және Газадағы басқа ауруханалардағы әскери әрекеттері туралы хабарлардан кейін анклавтағы операцияға байланысты Израильге халықаралық қысым күшейді. Ел билігінен бейбіт тұрғындарды қорғауға көбірек күш салу сұралуда.

Оралхан ҚОЖАНОВ