Абай облысының әкімі Нұрлан Уранхаев Аягөзде өрттің кесірінен төрт баласынан айырылған ата-анаға қандай көмек көрсетілгенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Облыс әкімінің сөзінше, қаралы отбасына барлық қажетті көмек көрсетілген. Желтоқсан айында зардап шеккен отбасына Өскемен қаласынан екі бөлмелі пәтер беріледі.
– Қайғылы оқиғадан соң ол отбасының жанында аудан әкімі, менің бірінші орынбасарым болды. Зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетілді. Олар тұрмыстық техникамен және жиһазбен жабдықталған екі бөлмелі пәтерге уақытша орналастырылды. Желтоқсан айында біз оларға Өскемен қаласынан екі бөлмелі пәтер береміз. Өйткені олар сол жерде тіркелген", – деді Уранхаев баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетейік, бұған дейін Азаттық радиосының тілшісі Нұртай Лахан Аягөзде төрт бала көз жұмған қаралы үйге барып, сол үйден қомақты қаражат ұрланғанын әлеуметтік желіге жазған еді. Оның сөзінше, отбасының екінші ұлы Нұрасылдың көзі дұрыс көрмеген. Бұған дейін екі рет ота жасатқан. Үшінші рет тағы бір ота жасату үшін әкесі там-тұмдап тиын-тебен жинаған. Әке-шешесі сол мақсатқа 900 мың теңге жинап, шкаф ішіндегі куртканың төс қалтасына салып қойған. Өрт болған күні сол ақша жоғалып кеткен. Отбасының туыстары өрт болған күні үйге өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлерінен басқа ешкім кірмегенін айтады.
Ішкі істер министрлігі оқиғадан хабардар екен.
– Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде әртүрлі нұсқалар жарияланып жатыр. Соның ішінде өрт кезінде үйден ақша ұрлау туралы: осы ақпаратты тексеру мақсатында Абай облысы полиция департаменті ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде оқиғаның мән-жайын және қылмыс жасаған адамдарды анықтау бойынша кешенді шаралар қабылданады, – деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
Полицияның хабарлауынща, үй иелері ақшаның жоғалғаны жөнінде арыз жазбаған.
– Сондай-ақ жәбірленуші полиция мен өртке қарсы қызмет қызметкерлерінен күдіктенбейтінін түсіндірді, керісінше оларға уақтылы көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар полиция департаменті ҚР ҚК 274-бабы бойынша көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертіп, тексерілмеген ақпаратты таратпауды және тек ресми дереккөздерге сенуді сұрайды.