×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Басына пакет кигізіп тұншықтырған: Алматыда азаптау ісі бойынша экс-полицейлер сотталды

24.11.2023, 10:03
RFE/RL

Құқық қорғау органдарының сотталған бұрынғы қызметкерлері өмір бойы сол салада жұмыс істеу құқығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Азаттыққа сілтеме жасап.

23 қарашада Атырау қаласының №2 соты "азаптау" бабымен күдікке ілінген бес экс-полицейді кінәлі деп тауып, 3-4 жылға түрмеге кескен.

"Адам азаптады" деп айыпталған Шыңғысхан Айтбаев, Марат Жонбай, Тимур Мажитов төрт жылға сотталса, Асланбек Төлеуішов пен Ербол Сиғуатов "адам азаптауға көмектесті" деген айыппен үш жыл түрмеге кесілген.

Үкім оқылар кезде жәбірленуші де, адвокаты да қатыспаған. Шағын сот залында сотталушылардың туыстары мен жақтастары көп жиналды. Үкімнен соң судья Зәуре Қазақбай айыпталушыларды туыстарымен қоштасуға мүмкіндік берді.

Сотталған экс-полицейлер Атырау қалалық полиция басқармасында жұмыс істеген. Төртеуі бұйрықпен жұмыстан босатылған, біреуі өз еркімен жұмыстан кеткен. Сот үкімімен айыпталғандардың бәрі де шендерінен және органдарда қызмет ету құқығынан үш жыл мерзімге айырылды. Сотталғандар жазасын қатаңдығы орташа түрмеде өтеуі тиіс.

Сондай-ақ, үкімге сай, әрқайсынан жәбірленушіге 500 мың теңге моралдық өтемақы өндіріледі.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ, тараптардың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

Судья Зәуре Қазақбай айыпталушылардың кінәсі бейнежазбалар сынды айғақтармен дәлелденгенін айтты. Алайда сотталғандардың адвокаттары Руслан Жакупов пен Аслан Жолболов сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді. Жакупов жәбірленушінің жарақатына қатысты жүргізілген сот-медициналық сараптамалар қорытындыларымен келіспейді.

Сот-медициналық сараптама азаптау кезінде жәбірленуші Руслан Қуанышқалиевке "жеңіл дене жарақаты келтірілген" деген қорытынды шығарған. Оның сол жақ құлағының дабыл жарғағы зақымданған, сол көзі жарақаттанған. Бірақ тергеу бұл сараптамамен келіспей, Оралда екінші сараптама жүргізеді. Қорғау тарабы екінші сараптамаға күдік келтіреді. Жакуповтың сөзінше, сараптама 11 ақпанда жүргізілген, бірақ сараптама жүргізу туралы бұйрық екі күннен кейін, 13 ақпанда шыққан.

Қуанышқалиев биыл ақпанда өзін полицейлердің азаптағаны жөнінде арызданған. Ақпанның басында полиция Қуанышқалиевке "бір адамды ұрып-соқты" деген айып таққан. Қуанышқалиев айыпты мойындамаған.

Айыптау актісінде экс-полицейлер "өзара сөз байласып, Қуанышқалиевті қорқытып мойындату мақсатында қасақана психологиялық қысым көрсетіп, қатігездікпен азаптағаны" айтылады.

Тергеу құжаттарында "Қуанышқалиев айыпты мойындамаған соң оның аяқтарын басып тұрып, басына бірнеше рет пакет кигізіп, тұншықтырып, тыныс алуын және қозғалуын шектегені, психологиялық-моральдық қысым көрсетіп, соққыға жыққаны" жазылған.

Жәбірленуші сотта айыпталушының әрқайсысынан 2 млн теңгеден өндіруді талап етті. Айыпталушылар бұл талаппен келіспеген.

Серіктес жаңалықтары