×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Қазақстанда саусақ іздерін алу тоқтатылады

29.11.2023, 09:15
Қазақстанда саусақ іздерін алу тоқтатылады
Иллюстрациялық фото

Елімізде міндетті дактилоскопиялық тіркеуді (саусақ ізін алу) енгізуден бас тартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қолданыстағы ережелерге сәйкес, саусақ ізін міндетті түрде тіркеу 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталуы керек-тін. Бірақ енді одан бас тартылмақ. Бұл норма Мәжілісте қаралып жатқан мемлекеттік корпорациялардың мәселелері бойынша түзетулер жобасына енгізілді.

«Заң жобасының маңызды жаңалығы – 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап құжаттандыру үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарында енгізілетін міндетті саусақ ізін алуды алып тастау. Шешім көптеген өтініштерге, қауіпсіздік мәселелері бойынша сарапшылардың пікіріне байланысты қабылданды. Азаматтардың конституциялық құқықтары да ескерілді.

Саусақ іздері азаматтың өтініші бойынша қалады. Сонымен қатар, шетелдіктер үшін саусақ ізін алу міндетті болып қала береді», – деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Еске сала кетейік, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Саусақ ізі және геномдық тіркеу туралы» заң күшіне енді. Ол саусақ ізі мен геномдық ақпаратты жинауды, өңдеуді және қорғауды қамтиды. Заңға сәйкес, 12 мен 16 жас аралығындағы балалардың дактилоскопиялық іздерін тек олардың келісімімен және ата-анасының немесе қамқоршысының қатысуымен ғана алуға болады, ал 16 жастан бастап қазақстандықтар үшін саусақ ізін тапсыру міндетті болады.

Заңның іс жүзінде қолданылуы қаражаттың тапшылығынан бірнеше жылға кешіктірілген еді. 2021 жылдың маусымында саусақ ізін енгізу 2023 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылды. 2022 жылдың соңында жоба 2024 жылға шегерілді.

Оған сәйкес, қазақстандықтардың жеке куәліктеріне саусақ іздері қосылады деп жоспарланған болатын.

Оралхан ҚОЖАНОВ