Қазақстан және Ресей отын-энергетика саласындағы ынтымақтастықты жалғастырады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Қазақстан Республикасының энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Ресей Федерациясы үкіметі төрағасының орынбасары Александр Новакпен кездесті, дейді энергетика министрлігі.
Мәскеуде өткен кездесу барысында отын-энергетика саласындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейі атап өтілді. Мәселен, тараптар мұнай, мұнай-химия, газ әрі жер қойнауын пайдалану саласындағы мәселелерді қарастырды.
Сонымен қатар осы айда басталған ресейлік дизель отынын Қазақстанға одан әрі жеткізу мәселесі талқыланды. Осы жеткізілімдер ішкі нарықтағы жағдайды жедел тұрақтандыруға және отын тапшылығының теріс салдарын болдырмауға мүмкіндік берді.
Министр Мағзұм Мырзағалиев сондай-ақ Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарын газдандыру мәселесін көтеріп, Ресей тарапына өзара қолайлы жағдайларда газ жеткізуге қатысуды ұсынды. Вице-премьер Александр Новак Ресей үкіметі осы мәселе бойынша келіссөздер процесін жандандыруға дайын екенін, мүдделі органдар әрі компанияларға тиісті тапсырмалар берілетінін атап өтті.
Кездесуге қатысушылар Ресейден ҚХР-ға дейінгі транзиттік бағыт бойында сұйытылған табиғи газдың жанармай құю станциялары желісін құру бойынша бірлескен инвестициялық жобаны құру мүмкіндігін қарастыруға келісті. Тараптар бұл бағыттың әлеуеті жоғары және Қазақстанның өндірістік кәсіпорындары мен транзиттік көліктің отынға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деген ортақ пікірге келді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар қолданыстағы әрі жаңа бірлескен жобалар аясында екіжақты қатынастарды жандандыруға өзара қызығушылық танытты.