×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Фамилиямен айта алмаймын»: Сұлтанғазиев Болат Назарбаевтың атындағы жерлерді қайтару жайлы

01.12.2023, 12:34
«Фамилиямен айта алмаймын»: Сұлтанғазиев Болат Назарбаевтың атындағы жерлерді қайтару жайлы
Коллаж: ulysmedia.kz.

Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев жерді қайтару мәселесі жөнінде сұраққа жауап берді. Алайда сұрақ қойған журналист талап етсе де, жер иелерінің аты-жөнін атамады, деп жазады Ulysmedia.kz.

– Өзіңіз білетіндей, жыл басынан Әлия Назарбаева мен Болат Назарбаевқа тиесілі бірнеше мың гектар жер мемлекетке қайтарылған болатын. БАҚ бұл туралы жазды. Соған қарамастан бүгінгі таңда Талғар мен Қаскелеңде Болат Назарбаевқа тиесілі жерлер анықталып отыр. Осы жерлер қашан қайтарылады, - деп сұрады журналистердің бірі ОКҚ алаңында.

Марат Сұлтанғазиев «әрқайсысын фамилиялармен айта алмайтынын» жеткізді.

– Бірақ жалпы 600 мың гектардан астам жерді анықтадық. Соның 30 пайызын қайтардық. Бұл жұмыс ары қарай жүргізіледі, - деп қысқа қайырмақ болды әкім.

Сол қайтарылмаған жердің қанша гектары Болат Назарбаевқа тиесілі екені сұралған. Алайда әкім жалпы облыс жағдайын айтып тұрғанын, жауабын қайталады. Ешкімнің «фамилиясын айта алмайтынын» мәлім етті. «Неге айта алмайсыз?» деген сұраққа әкім «көп жер басқа адамдардың атына, басқа фамилияларға жазылатынын» айтады. 

– Сол себепті жалпы жерді айтам. Ал тізімі керек болса, сұраныс жіберіңіз, заңды жолын қарап көрейік, - дейді Сұлтанғазиев.

Әкім «600 мың га жер кімдердің иелігінде екенін есте сақтай алмайтынын» айтты. 

– Біз 300-ге жуық шаруашылықтан жерді қайтардық. Оның әрқайсысының фамилиясы есімде жоқ, - дейді ол.

Еске сала кетейік, былтыр мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Болат Назарбаевтың меншігінде қанша жер учаскесі барын хабарлаған еді. Депутат "ығайлар мен сығайлардың" жемқорлық, протекция істерінен сабақ алуға шақырған.

"Болат Назарбаев деген азамат өткен кезеңде Қаскелең, Талғар, Түркістан облысы, Астана қалаларында коттедж қалашығы, әкімшілік ғимарат, базар салу үшін 244 гектар тұратын 59 жер телімін алған деген ақпарат бар. Сол кісінің фамилиясына берілген қағаздар менің қолымда", - деп мәлімдеді Сайыров әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ал жыл басында Сайыров Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі Маңғыстау облысында 239 мың гектар, Жамбыл облысында 60 мың гектар жер мемлекетке қайтарылғанын хабарлаған болатын.