Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев Университетінің мәртебесі өзгермейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Назарбаев Университетінің мәртебесі заңмен реттелген. Назарбаев зияткерлік мектептерінің де. Сол себепті бұл заңды алып тастап, өзгерте алмаймыз. Бірден айтайын, біздің міндет – осы университеттің әлеуетін сақтау. Бұл толыққанды зерттеу университеттерінің бірі. Қазіргі уақытта аталған университетке қатысты өте көп спекуляция жүріп жатыр. Шынымды айтайын, ел ішінде оқу ақысы жайлы тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл өте мықты зерттеу университеті. Сол себепті мәртебе жағынан ештеңе өзгермейді», - деді министр үкіметтің баспасөз орталығында.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта заңға тиісті өзгерістер енгізіліп, премьер-министр қамқоршылық кеңеске кірген. Оқу орнының қаржылық және зерттеу әлеуетін арттыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Оның керемет базасы, инфрақұрылымы бар. Түзету жұмыстары әлбетте, болады. Бірақ бұл университеттің мәртебесін немесе бағытын өзгертуді жоспарлап отырған жоқпыз», - деді Нұрбек.