Астанада «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Адам құқықтарының сын-қатерлері» атты жиын өтіп жатыр. Жиынға келген Internews халықаралық ұйымының заңгері Ольга Диденко Масс-медиа туралы заң жобасы жөнінде сөз қозғап, медиа-бірлестіктің көп ұсынысының құжатқа енбей қалғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ольга Диденко журналистер мен заңгерлер тарапынан жұмыс тобына бірқатар ұсыныс жолданғанын айтады. Масс-медиа туралы заң жобасында медиа жұмысын, журналистердің кәсіби қызметін шектеуші ережелер бар деп есептейді. Оның сөзінше, ең бірінші талап – баспасөз картасына байланысты нормалардың бәрін алып тастау боғлан. Сонымен қатар, журналистерді аккредиттеу тәртібін жеңілдету ұсынылған. Ольга Диденконың сөзінше, аккредитация дәл қазір институт ретінде жұмыс істемейді. Ал жұмыс істеген жерінде әрдайым проблема туындайды. Аккредитациясы бар журналистердің өзі ақпараттың бәріне қол жеткізіп отырған жоқ. Жарияланған материалдың ескіру мерзімін қысқартуға назар аударады.
«Парламенттің жаңа құрамынан көбірек батылдықты, біз ұсынған түзетулерге келгенде бірбеткейлікті күткенбіз. Сол арқылы медиаортаны, журналистердің, редакциялардың, БАҚ-тың жұмысын жеңілдетуді көздейміз. Өкінішке қарай, олай болмай тұр. Азаматтық қоғамға түзетулерді ілгерілетуде күрделі мәселелер мәжіліс пен сенаттың жаңа құрамы кезінде де сол күйі қалды. Ешқандай прогрес жоқ. Заң шығару барысында азаматтық қоғамның қатысу деңгейі бұрынғыша – қаз-қалпында қалып отыр», - дейді ол.
Еске сала кетейік, өткен аптаның бейсенбісінде мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистер ортасында қызу талқыға түскен «Масс-медиа туралы» туралы заң жобасын мәжілісте қорғап, депутаттар құжатты бірінші оқылымда мақұлдаған еді.