×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Ешкімге құпия емес»: Депутат есірткі мафиясына полицейлердің де қатысы барын мәлімдеді

11.12.2023, 10:11
«Ешкімге құпия емес»: Депутат есірткі мафиясына полицейлердің де қатысы барын мәлімдеді
Фото: Ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Қазақстанда есірткі сатушылармен сөз байласып жұмыс істейтін полиция қызметкерлері аз емес екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәжілісте өтіп жатқан үкімет сағатында Снежанна Имашева қозғалған істер саны бойынша ресми статистика есірткінің таралу деңгейін нақты көрсетпейтінін мәлімдеді. Ол сондай-ақ құқық қорғау органдары өкілдерінің өздері заңсыз нарықтың дамуына ықпал ететінін атап өтті.

– Полиция қызметкерлерінің өзінің есірткі саудасына қатысы бары алаңдатады. Нашақорлықпен күресушілердің өздері оған көмектесетіні ешкімге құпия емес. Биыл есірткі заттарын сатқаны және сақтағаны үшін құқық қорғау органдарының 11 қызметкері мен әскери қызметші ұсталды, – деді Имашева.

Депутат олардың қатарында көші-қон полициясының қызметкерлері, полицияның жедел уәкілдері, ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күрес қызметкері, түзету мекемесі, ТЖМ қызметкері бар екенін атап өтті.

– Мұндай фактілерге жол берілмеуі керек. Сыбайлас жемқорлық жағдайындағыдай, мұндай шені бар құбыжықтардың басшылары да жауапкершілікке тартылуы керек – лауазымын төмендетіп,  жұмыстан шығару керек, - деді мәжілісмен.

Имашеваның мәліметінше, биыл Қазақстанда есірткіні медициналық мақсаттан тыс пайдаланудың 370 мыңға жуық фактісі анықталған.

Мұндай жағдайларды анықтау және жазалау үшін депутаттар әкімшілік жауапкершілікті де енгізуді ұсынады. Нәтижесінде, қоғамдық орындарда есірткіні медициналық емес пайдалану қылмыстық заңмен, ал қалған барлық жағдайларда (үйде, көлікте, клубта, притонда) әкімшілік жазамен жазаланады.

ІІМ мәліметтері бойынша, биыл 900 келіге жуық синтетика тәркіленген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 74% артық. Айналымға 25 миллион бір реттік доза жіберілмеген.