Үкімет басшысының орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев лотерея терминалына тексеру жүргізу жөнінде депутаттардың талабына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
Еске сала кетейік, бұған дейін мәжіліс депутаттары елде жасыл-сары түсті терминалдардың еліміздегі ресми саны 5 мыңнан асып жығылатынын мәлім еткен еді. Яғни әр облыс орталығында кемі 300 терминал бар, бұл тек ресми тіркелгені. Заңсыз жұмыс жасап жатқан жасыл-сары жәшіктердің есебін ешкім білмейді. Депутат Елнұр Бейсенбаев ол жәшіктерді депсауалында “тажалойын” деп те атаған.
«Астананың өзінде мектептен 15-20 метр жерде орналасқан дүкендердің, жертөлелердің кіре берісінде осы ойын автоматтары толып тұр. Бұл ешқандай
да лоторея сататын автомат емес, ол – нақты казино автоматтары сияқты қолма-қол ақшамен төленетін және ұтысты бірмезетте алатын ойын автоматтары. Оған қоса, онымен кімнің ойнап жатқанын қадағалайтын не бір адам, не бір мемлекеттік орган жоқ. Бұл автоматтарды торуылдағандардың көбі жас жеткіншек балалар, оқушылар екені анық», - деген депутаттар елдегі бүкіл лотерея терминалдарына тексеру жүргізуді, сондай-ақ, Қазақстан аумағына лотерея терминалдары мен өзге де лотерея жабдықтарын импорттауына толықтай тыйым салуды талап еткен.
Вице-премьер Ерұлан Жамаубаев депутаттарға берген жауабында лотерея саласын дамыту, оның ашықтығы мен есептілігін арттыру мақсатында заң арқылы Қазақстанда лотереяны ұйымдастыруға айрықша құқықтары бар заңды тұлға лотерея операторын құру туралы норма көзделгенін атап өтеді. Мұндай шешім лотерея қызметін реттеу жөніндегі озық халықаралық тәжірибені мұқият зерделегеннен кейін, сондай-ақ заңды қабылданғанға дейінгі құқық қолдану практикасын ескере отырып қабылданған. Қазіргі уақытта, лотереялар (177 нүкте) агенттер, (335 нүкте) лотерея операторының бөлшек сауда желісі, (1975 нүкте) «Қазпошта» АҚ, (307 нүкте) «Loto Club» ЖШС, (2 940 нүктеде 5 000 терминал) «Lotomatic» ЖШС арқылы таратылады.
Заңға сәйкес лотерея операторы өз табысының 10 %-н тоқсан сайын отандық спортты дамытуға жібереді. Бүгінгі таңда спортты дамытуға 11,4 млрд теңге бағытталған. Сонымен қатар, биылдан бастап лотерея операторы өз пайдасының 10%-н «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорына аударуға міндеттелген.
Барлық лотерея терминалына тексеру жүргізу мәселесі бойынша заңға сүйенген Жамаубаев лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында жүзеге асырылатынын, меморгандардың тексерулерге бастамашылық жасау мәселесі кәсіпкерлік кодексімен шектеліп, регламенттелгенін атап өтеді.
«Кодекстің 144-бабының 5-тармағына сәйкес, нақты кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты анықталған және осы жоспардан тыс тексеруді тағайындау үшін негіз болған фактілер мен мән-жайлар жоспардан тыс тексеруге жататыны анықталды. Осыған байланысты, қазіргі уақытта тиісті тексерулер жүргізуге негіз жоқ», - делінген жауапта.
Лотерея терминалдарын әкелуді шектеу жөніндегі шараларды келесі жылы уәкілетті орган әзірлейтін заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде пысықтау жоспарланып отырғаны хабарланады.