Үкімет отырысында бүгін зиянды еңбек жағдайында еңбек ететін азаматтардың мәселесі қаралды. Премьер-министр жиында Қазақстанда 500 мыңға жуық адам зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш өндірістік процестерді автоматтандыру және қауіпсіздік техникасы деңгейін арттыру есебінен жыл сайын азайып келеді.
– Ал бізде өндірістік жарақат алу көрсеткіші біршама жоғары екенін атап өтуге тура келеді. Елімізде жыл сайын 2 мыңға жуық адам жұмыс барысында жарақат алады. Оның ішінде 200-ден астам адам мерт болады. Мысалы, биыл «Қазақмыс» компаниясында өндірістік жарақат алу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 3 еседен астам өсіп кетті, - дейді Смайылов.
Оның айтуынша, бұрынғы «АрселорМиттал Теміртауда» соңы адам өлімімен аяқталған қайғылы жағдайлардың саны 7 еседен астам өскен.
Өндірісте қазір қолданылып жүрген жазатайым оқиғалардан сақтандыру жүйесі жұмыс берушілерді еңбек жағдайларын жақсартуға ынталандырмайды. Бүгінде кәсіпорындардың тек 32%-і ғана өз қызметкерлерін сақтандырып отыр. Көп елде өмірді сақтандыру компаниялары сақтандыру сыйлықақысының белгілі бір бөлігін превентивті іс-шараларға бағыттайды. Яғни, оларда қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігіне оқытуға, ұжымдық және жеке қорғау құралдарын сатып алуға басымдық беріледі.
– Біз де осындай жүйеге көшуіміз керек. Осы салада қалыптасқан проблемаларды кезек күттірмей шешу үшін Қазақстанда алғаш рет 2030-шы жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы әзірленді. Бұл құжат ең алдымен, кәсіптік қауіп-қатерлер мен өндірістік жарақаттану деңгейін және кәсіптік ауру түрлерін төмендетуге бағытталған. Барлық тәуекелдер алдын-ала ескерілетін болады. Өндірістегі қауіпсіздік саласын цифрландыру осы мәселелерді шешуге ықпал етуі тиіс. Жалпы алғанда, Тұжырымдама еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыруы керек, - дейді Смайылов.