Бейбітшілік және келісім сарайында «Жақсы адам-2023» арнайы сыйлығы иегерлерін салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Сахнаға халық арасынан шыққан нағыз қаһармандар мен өз ісінің үздік мамандары көтерілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Kazinform сайтына сілтеме жасап.
«Жақсы адам-2023» премиясы Jibek Joly телеарнасынан шығатын «Жақсы адамдарым» жобасы аясында ұйымдастырылғанын атап өткен жөн. Биыл марапат екінші рет табысталып отыр.
Бұл жолы еліміздің әр аймағынан келген жеті қазақстандық нағыз қаһарман атанды. Оларға 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. Іс-шараның демеушісі — Jibek Joly телеарнасының серіктесі Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры.
Сахнада премия иелерін мемлекет және қоғам қайраткерлері, өз саласында абыройлы қызмет етіп жүрген танымал тұлғалар марапаттады.
Бірінші марапатқа Қабанбай батыр ауылының тұрғыны, өрт сөндіруші және құтқарушы Арман Айқынбеков ие болды. Оған «Жақсы адамдарым-2023» сыйлығын Jibek Joly телеарнасының атқарушы директоры Еркежан Күнтуғанқызы табыстады.
Биыл өрт сөндіруші Арман Айқынбеков таспаланған видео желіде кең тарап кетті. Кадрларда Арман қаһарлы қыс пен аязға қарамай киімі мұз боп қалғанша өртті сөндіргені анық көрініп тұрды. Сол кезде Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті видео Қосшы қаласында түсірілгенін айтқан. Арманның сөзінше, таңғы 7:30-да жер үйде өрт тұтанған. Сол аязды күні ауа температурасы -40 градус болған. Арман өртті сөндіріп жатқан судан оның киімі мұз боп қатып қалған. Қызыл жалынды толық тоқтату үшін өрт сөндірушілерге алты сағат қажет болды.
Содан кейін сахнаға Алматы облысынан келген оқушы Ақжол Герой көтерілді. Сегізінші сынып оқушысы адам лық толы автобусты апаттан аман алып қалды. Ақжол №219 автобус жүргізушісінің жағдайы күрт нашарлап кеткенін байқаған. Ол қоғамдық көлікті өзі айдап, дер кезінде тоқтатып, жолаушыларды аман алып қалған. Сол күні ол қанша адамның аман қалуына себепші болғанын саусақпен санап шығу мүмкін емес. Жас қаһарманға мүсінше мен 1 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты «Алтын Қыран» компаниялар тобының құрылтайшысы, «Ұлттық спорт» бірлестігінің төрағасы Исламбек Төлеубаев табыс етті.
Марапаттау рәсімі кезінде Ақжол ақшаны қайда жарататынын айтып берді.
— Біз отбасымызбен көлік сатып алуға ақша жинап жатырмыз. Бұл менің соған кішігірім үлесім болсын, - деді Ақжол Герой.
Сәуле Сағымбаева ең мейірімді және жақсы адам деп танылды. Ол Астана қаласындағы Ж.Ташенов атындағы № 10 мектеп-гимназияда педагог-дефектолог (тифлопедагог) болып еңбек етеді. Сәуле Сағымбаева ерекше қолдауға мұқтаж адамдарға қамқор болады.
2015 жылдан бері Сәуле Лябиқызы көру қабілетінен айырылған балаларға арналған сыныптарда жұмыс істейді. Ол «Көру қабілеті нашарлаған балаларға арналған мектеп оқушыларын әдістемелік қолдаумен қамтамасыз ету» авторлық білім беру бағдарламасын жасап шықты. Осы әдістеменің арқасында көптеген педагог кәсіби қабілеттерін дамытып, көруі нашарлаған балаларға көмектесе бастады. Мектептегі сабақтан бөлек, Сәуле Сағымбаевна YouTube блогын белсенді жүргізіп, ерекше балалармен жұмыс істейтін педагогтарға кәсіби және медициналық көмек көрсетеді. Оған марапатты депутат Дархан Қыдырәлі табыстады.
— Жалғыз адамның қолынан ештеңе келмейді. Мен де бұл міндетті жалғыз орындай алмас ем. Маған үнемі әріптестерім — педагогтар қолдау көрсетіп келеді. Мен балаларыма сенемін. Әрқайсысы өмірден өз жолын табады деп ойлаймын. Оқушыларымның әр қадамын үлкен жетістік деп санаймын, - деп ағынан жарылды педагог.
Келесі марапат Ұлттық нейрохирургия орталығының Тамырлы және функционалдық хирургия бөлімінің меңгерушісі Ербол Махамбетовке берілді. Оның басшылығымен және қатысуымен елімізде нейрохирургия емханалық тәжірибесіне алғаш рет күрделі ауруларды емдеудің инновациялық тәсілдері енгізілді. Мидың артериовеноздық мальформациясы сынды ауруларды емдеуде микрохирургия тәсілдерін енгізді. Бұл дерт геморрагиялық инсультті тудыратын себептердің бірі. Егер дәрігер-ғалым мұндай емдеу тәсілін енгізбесе қазақстандықтар ем алу үшін шетел асуға мәжбүр болатын еді. Қазіргі күні жоғарыдағы емдеу тәсілі елдің көптеген нейрохирургиялық емханаларында қолданылады.
Премия мен мүсіншені Ербол Махамбетке нейрохирург, ҚР Президенті Іс Басқармасы Медицина Орталығы Ауруханасының хирургия бойынша директор орынбасары Мыңжылқы Бердіқожаев табыс етті.
Жүрегі кең дәрігер бұл ақшаны қайырымдылыққа жұмсауды шешкен.
— Жақсы істер мұнымен бітпеуі керек. Бұл қаржы онкологиялық аурулары бар балаларға көмектессе дұрыс болады деп ойлаймын. Әлбетте, шетелге шығып, тәжірибе алмасып, жаңа білім алған дұрыс. Бірақ өз еліме қызмет етіп, көмегімізге мұқтаж балаларды емдеуді міндетім деп санаймын, - деді Ербол Махамбетов.
«Жақсы адамдарым-2023» арнайы премиясының тағы бір иегері — Мереке Едресов.
Қарапайым құрылысшы әдеттегі жұмыс күнінде оқыс жағдайға тап болған жасөспірімге көмектесіп, оны ажалдан аман алып қалған. Қас қарая бастағанда ол мұз ойылып, өзенге жасөспірім құлап кеткенін байқайды. Көп ойланбай Мереке 17 жастағы баланы құтқаруға асығады. Оны судан шығарып алып, дереу жедел жәрдем шақырған. Құрылысшы жігіт өзіне де қауіп төнуі мүмкін екенін мүлдем ойламайды. Оған бейтаныс баланың өмірі артық болды. Біздің заманымыздың қаһарманына марапатты Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан табыстады.
Паралимпиядалық құрама мүшесі Айсұлу Сүлейменова «Жақсы адамдарым — 2023» арнайы премиясы иегерлерінің бірі атанды. Қыз өзін үлгі ете отырып, шектеу тек миымызда екенін, мүмкіндігің шектеулі болғанына қарамастан дамуды шектеуге болмайтынын көрсетті. Жол-көлік апаты салдарынан аяғынан айырылғалы оның бар өмірі өзгерді. Айсұлу бала күнінен математиканы жақсы көрген, сол себепті университетке түсерде мамандық таңдау қиынға соқпады. Ол IT-маман атанды. 2018 жылы Айсұлу отырып ойнайтын волейболмен әуестенді. Биыл мамырдан бастап кәсіби тұрғыда жүгіре бастады.
Ол аяққа, яғни протезге тұруға жақындарының қолдауы ғана көмектескенін атап өтті. Айсұлу сынып кетпей, бәрін жаңа парақтан бастады.
А. Сүлейменова әлеуметтік желілерде белсенді. Ол жеке өмірінің сәттерін жиі бөлісіп тұрады. Өзі туралы жазғанда протезбен басқалардан да жарқын өмір сүретінін айтады. Көптеген адамға үлгі болып, мотивациялық спикер ретінде жиі сөз сөйлейді.
Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысының бұйрығымен Айсұлу «Шапағат» медалімен марапатталған болатын. Келер жылы ол Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына қатыса алады. Бүгін оны салтанатты жағдайда Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова марапаттады.
Өкінішке қарай, отбасылық жағдайларға байланысты Айсұлу мүсіншесін алып кетуге келе алмады.
— Жақында әжеміз өмірден өтті. Сол себепті Айсұлу іс-шараға қатыса алмады. Соған қарамастан әпкемнің атынан залда отырған жақсы адамдардың бәріне алғыс айтқым келеді. Мен әпкемді мақтан тұтамын. Ол — көп адамға үлгі», - деді Айсұлу Сүлейменованың мүсіншесі мен премиясын алып кеткен сіңілісі.
Жетінші марапат полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Темірболатқа бұйырды. Ол дәріханаға бара жатқан жолда алабай ит балабақша ауласындағы балаларға тап бергенін байқаған. Көлігінен атып шығып, қолына түскен тасты ұстап, балаларды ашулы иттен құтқаруға жүгіреді. Нұрсұлтан итті қуып жіберді. Оқиға туралы учаскелік полиция мен ит аулайтын қызметке хабарлады. Оған марапатты Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев табыс етті.
— Ұйымдастырушылар мен залға жиналғандардың бәріне алғыс айтқым келеді. Жақсы адамдар мен жақсы істер көп болсын, - деді Нұрсұлтан Темірболат.
Әр марапаттан кейін сахнаға қазақстандық эстрада жұлдыздары — Жанболат пен Жазира, Тамара Асар, Роза Әлқожа, Қыдырәлі мен Қарақат, Досымжан Таңатаров, Ибрагим Ескендір шығып, ән айтты. Әртістер залға жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Премияның әр иегері туралы LED-экраннан шағын сюжет көрсетілді.
Жаңа жыл қарсаңында, 30 желтоқсанда Jibek Joly телеарнасынан премияның арнайы теленұсқасы көрсетіледі.