×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Бұрынғы әділет министрі Бекетаевты қамауда ұстау мерзімі ұзарды

29.12.2023, 13:43
Коллаж Ulysmedia

Астана қалалық соты бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевты қамауда ұстау мерзімін бір айға ұзартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

"Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті М.Бекетаевты қамауда ұстау мерзімін 2024 жылғы 21 қаңтарына дейін ұзартты", - делінген сот хабарламасында.

Сот Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес басқа деректерді жариялауға болмайтынын атап өтті.

Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы әділет министрі қызметін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталғанын растаған болатын.

Ведомство ақпараты бойынша, ол қажет емес қызметтерге жыл сайын келісімшарт орнатып, мемлекетке аса ірі көлемде шығын келтірген.

Еске салайық, 23 қазанда Антикорда бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевтың ұсталғанын хабарлады. Оған лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Агенттіктің мәліметінше, ол мемлекетке аса ірі залал келтірген, көрінеу талап етілмейтін қызметтер көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасасу арқылы аффилиирленген компанияның мүдделерін қолдады.

Марат Бекетаев 2016 жылдан 2022 жылға дейін Әділет министрі қызметін атқарды. Ол қаңтар оқиғаларынан кейін қызметінен кетті.

Бекетаевтың есімі атышулы оқиғалармен есте қалды. Әділет министрлігінің бұрынғы басшысы қашқын Мұхтар Әблязовты қудалау ісін қадағалаған.

Сондай-ақ оның Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішпен (Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені) байланысы туралы ақпарат бар - Бекетаев оның жақын достарының бірі екені айтылады.

Бекетаевтың заңсыз активтерді «қайтарумен» айналысуы тиіс консалтингтік компанияларды құруға белсене қатысқанын да білдік. Бас прокурордың бұрынғы орынбасары Ұлан Байжановтың қызметінен босатылуына осы алаяқтықтарды қадағаламауы себеп болған деген болжам бар.

Айта кетейік, Самат Әбіш - экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені. Ресми деректерге сәйкес, Әбіш 2022 жылдың 17 қаңтарында Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының орынбасары қызметінен босатылған, ол кезде бүкіл басшылық құрам тергеу изоляторында болған. Алайда Әбішке ол кезде ешқандай айып тағылған жоқ.

Серіктес жаңалықтары