×
445.66
474.58
4.78
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
445.66
474.58
4.78

Күзгі ауру: Мұнайды сұраныстан 5 есе көп өндіретін елде неге дизель тапшы

24.10.2021, 11:36
Коллаж: ulysmedia.kz

Қазақстанда мұнай өнімдері, атап айтқанда дизель нарығында дағдарыс жоқ. Олай болуы мүмкін емес, себебі еліміз сұраныстан бес есе артық мөлшерде мұнай өндіреді және өндіріс көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Елімізде соңғы уақытта жаңғыртылған үш мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейді, олардың жалпы қуаттылығы ішкі нарық сұранысынан асып түседі. Демек нарықта дағдарыс болуы мүмкін емес. Сонда дизель отыны тапшылығы қайдан пайда болды?

Қазақстанның ішкі энергия нарығындағы дағдарыстар – қалыптасып қалған дүние. Өндіріс көлемі артқанмен, дағдарыс сақталып қалуда.

1990-2000 жылдары егін егу және жинау науқаны алдында үнемі осылай дағдарыс болып отырды. Мұндай жағдайда үкімет мұнай өнімдерінің белгілі бір көлемін белгіленген бағамен сатып ала алды. Бұлай ету барлық мәселені шешіп тастаған жоқ, дегенмен осындай талпыныс болды. Ол кезде Қазақстан объективті түрде жанар-жағармай импорттаушысы болды, өйткені елдегі зауыттардың қуаты ішкі нарықты жабу үшін жеткіліксіз болды. Оларды жаңғырту мәселесі 1990 жылдардың ортасынан бері көтеріліп келеді. Бұл туралы тіпті жеке кітап жазуға болады. Осы уақыт ішінде импорттық мұнай өнімдері үшін Қазақстаннан төлем түрінде қанша миллиард доллар желге ұшты! Бұл қаржы мөлшері үш мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға жұмсалған қаржыдан асып түсті. 2018 жылы модернизация аяқталды. Демек, біздің елде жанар-жағармай тапшылығы болмауы керек еді.

Қазір болып жатқан дизель тапшылығы жазда басталды. Бастапқыда ол аймақтық деңгейде болды және елдің оңтүстігінде басталды. Мамандар мұны Шымкенттегі «PetroKazakhstan Oil Products» зауытында жөндеу жұмыстарының тоқтап қалуы және логистикалық ақаулармен байланыстырады. Бір қызығы, аталған жөндеу жұмыстары дизель тапшылығына әкеп соқтырмайды және мамыр айында жанар-жағармайдың жекелеген түрлерін елден шығаруға тыйым салынады деген мәлімдеме айтылған болатын. Мұндай мәлімдеме өте орынды, себебі Қазақстанда және көршілес елдерде COVID-19-ға байланысты карантиндік шектеулер біртіндеп әлсіреп, сауда, оның ішінде халықаралық сауда, логистика жанданып, мұнай өнімдеріне сұраныс артты. Қазақстанда мұнай өнімдері, әсіресе дизель отыны әлі күнге дейін барлық көршілес мемлекеттермен салыстырғанда арзан. Арзан болғандықтан шетелге сатыла бастады: осы жылдың қаңтар-шілде айларында елден 160 мың тоннаға жуық, ал өткен жылы 175 мың тонна дизель отыны экспортталды. Осындай жағдайда жанар-жағармайдың жекелеген түрлерін елден шығаруға тыйым салынуы – қолдауға тұрарлық жағдай. Бұл тыйым әлі де жалғасын табуы мүмкін, бірақ бұл тыйым қаншалықты тиімді болды?

Атырау мұнай өңдеу зауытында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің төрағалығымен өткен ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесіне арналған кеңесте барлық қазақстандық зауыттар максималды жүктемеде жұмыс істеп жатқаны және негізгі өнімдерді өндіру мерзімінен бұрын орындалып жатқаны айтылды. Неліктен тапшылық пайда болды және ол неге әлі сақталып қалуда? Бір ғана жауап бар: дизель отынының елден шығарылуы. Демек, жоғарыда айтылған тыйым дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Бұл мәселе жоғарыда айтылған кеңесте де айтылды: Қазақстанда дизель отынының бағасы төмен болуы оның көрші елдерге транзиттік ауыр жүк көліктерімен экспортталуына әкеп соғады. Ресми түрде тыйым салынған болса – неге бұлай болып жатыр? Тыйымның орындалуын мемлекеттік шекарадағы кеден, барлық жерде жол полициясы бақылауы керек. Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарындағы өндіріс көлемі артып жатқанмен, Қазақстан бойынша тапшылық туындауын қалай түсіндіруге болады? Сонда жүк тасымалдаушылар дизельді қандай көлемде алып кетіп жатыр? Ұсақ-түйек контрабандистер мұндай үлкен мәселе тудыра алмайды. Бұлай болуы мүмкін емес! Демек, бір шикілік бар.

Жанармай тапшылығына кінәлі ретінде транзиттік жүк тасушыларды көрсету ыңғайлы, әрине! Шын мәнінде мәселенің басында олар тұрған жоқ, олар ары-бері жүрген адамдар... Энергетика министрлігі мен үкімет барлық әкімшілік ресурстарды жұмылдыру арқылы келесі отын дағдарысын шешетініне, тапшылық жойылатынына күмән жоқ.

Бірақ біздің нарықтағы мұнай өнімдерінің бағасы Ресей және Өзбекстандағы бағамен сәйкес келмейінше бұл жағдай қайталана бермек. Яғни, біздегі мұнай өнімдерінің бағасын шамамен 30% өсуі керек. Осыны түсіну бәрімізге – тұтынушыларға оңай емес, бірақ бағаны өсірмей мәселе шешімін таппайды. Баға өсуінің ауыр әсерін жұмсартудың жалғыз жолы – оны біртіндеп жүзеге асыру. Осылай етпей мұнай өңдеу зауытында қайта өңдеу көлемінің ұлғаюы, төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысын бастау мүмкін емес. Жанармай дағдарыстарына сыбайлас жемқорлықтың, бәсекеге қабілетсіздіктің, әкімшілік жұмыстар мен логистиканың нашар болуының қатысы бар, бірақ мұның ешбірі негізгі себеп емес.

Серіктес жаңалықтары