2024 жылғы 1 қаңтардан бастап газбен жүретін автокөліктерге арнайы белгі жапсыру міндеті енгізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СИМ техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 24 қарашадағы бұйрығына сәйкес, "Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары. Қолдану қағидалары" ұлттық стандартына толықтырулар енгізілді. Оған сәйкес, жаңа жылдан бастап қазақстандықтар газбен жүретін автокөлігіне арнайы белгі қоюға міндеттелді.
Арнайы белгі – жиегі қара түсті және "GAS" деген жазбасы бар сары теңбүйірлі үшбұрыш.
"Өкінішке қарай, кейде газ жабдығы орнатылған көлік біздің азаматтар үшін қауіпті болуы мүмкін. Осыған байланысты газбен жүретін көліктердің жабық тұрақтарға кіруіне тыйым салынады. Дәл осындай автомобильдерді сәйкестендіру және мұндай тыйымдарды әкімшілендіру үшін арнайы белгі енгізілді", - деп түсіндірді техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.
Арнайы белгі жабық паркингке кірген кезде көліктерді оңай ажыратуға және тиімді бақылауға көмектеседі.
Газбен жүретін, бірақ көлігінде "GAS" белгісі жоқ жүргізушілерге 3 АЕК (2024 жылы 11 076 теңге) айыппұл салынады.
Сауда министрлігінің ақпаратынша, елімізде газ баллон жабдығы орнатылған 380 мыңнан астам автокөлік тіркелген.