"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасымен ақша алатындардың нақты тізімі 15 қаңтарда белгілі болады. Ал әзірге ата-аналар өз балалары туралы деректің дұрыс-бұрыстығын eGov электронды үкімет порталында тексеруде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның себебі жоқ емес. Кейбірі баласын тізімнен таппаса, деректер базасында өз баласының орнына бейтаныс адамдардың тіркелгенін көріп таңғалған.
"КТК" арнасының жазуынша, былтырдан бері сүйіншілеткен "Ұлттық қор – балаларға" жобасы 1 қаңтардан бастап іске қосылды. Айдың ортасында жоба қаражатына дәмелі 7 миллион баланың нақты тізімі жарияланады. Осылайша, ақпан айынан бастап кәмелетке толмаған балалардың шотына қордың инвестиция табысының 50 пайызы түсіп отырады.
Бұған дейін жауаптылар 18-ге толмаған балалардың деректерін eGov-тағы базадан бір тексеріп қою туралы құлаққағыс жасаған-ды. Дәл осы деректер қорына кіру барысында біраз қазақстандыққа қызықтың көкесі басталады. Өз баласының орнына өзге біреудің тіркелгенін көріп таңғалғандар аз емес. Әсіресе, қазақстандықтар жеке сәйкестендіру нөмірінің оңды-солды интернетті кезіп жүргеніне наразы.
“Мен eGov-қа кірсем, мүлдем басқа баланың аты жазылған екен. Тізімнен өз баламды таппай қалдым. Таңғалдым, қалайша деп. Деректер сонда сақталмай ма? Құпиялылық қайда?”, – дейді Илья Рыбин.
Құпиялылықтың сақталмай, дербес деректердің ауысып жатқанынан "Ұлттық ақпараттық технология" акционерлік қоғамы хабардар. Бар айтар уәжі – мәліметтің бәрі автоматты түрде сақылдап жұмыс істеуі үшін қызу жұмыс атқарылып жатыр екен. Дегенмен eGov порталында цифрлық құжаттар жаңылысқанымен, төлемді алуға барлық баланың таласы бар. Әрбір Қазақстан азаматы Ұлттық қордан өзіне тиесілі төлемді алатыны хақ.
“Сирек жағдайларда, цифрлық құжаттарда кейбір балалар, ата-аналар да мүлдем көрсетілмеуі немесе қате көрсетілуі мүмкін. Дегенмен бұл олардың төлем алуына әсер етпейді және ата-ана мен бала арасындағы туыстық қарым-қатынас тек цифрлық құжатта анықталмағанын білдіреді. Қазақстан азаматы болып саналатын әрбір бала eGov порталында көрсетілген деректерге қарамастан, Ұлттық қордан төлем алады”, – дейді "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ маманы Арманай Мирасқызы.
"Түсетін ақша бәрібір түссе, eGov-ты аңдып неміз бар?" деген заңды сауал көптің көкейінде жүр. Мамандар баланың жеке сәйкестендіру нөмірін "баланы қосу" батырмасын басып, платформаға енгізу арқылы шотқа түскен ақшаны бақылауға болатынын айтады.
Қорға түскен ақшаны ата-аналар eGov.kz не болмаса enpf.kz платформалары арқылы бақылай алады.
“Қаражат тек азаматтығы бар жеткіншектерге аударылады. Құдай сақтасын, бірақ бала қайтыс болған жағдайда Ұлттық қор төлем аударуды тоқтатып, мұрагерлік құқығы күшіне енеді. Ал заңды тұлға баладан қалған ақшаны қалауынша пайдалана алады”, – дейді "БЖЗҚ" АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов.
Болжам бойынша, 2024 жылы туған баланың шотына 18 жылда 3 жарым мың АҚШ доллары жиналуы тиіс. Кәмелетке толғаннан кейін де шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Осы уақыт аралығында ақша кәдеге асырылмаса, азаматтың зейнетақы шотына аударылады. Балалар қаражатты білім алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады.