×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Америкалықтар қазақ ауылында физика-математикадан сабақ беріп жүр

09.01.2024, 14:20
Коллаж Ulysmedia

89 Нобель сыйлығының иегері шыққан, әлемнің ең озық оқу орындарының бірі Масачусетс технология институтының студенттері Александр Эдуард пен Ханна Парк Шығыс Қазақстан облысына уақытша қоныс тепті. Олар бір ай бойы Қатонқарағай ауданындағы Сейтқамза Ластаев атындағы орта мектептің оқушыларына дәріс береді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Ауыл мектебі” жобасының жемісі

Жобаның жай-жапсарын білу үшін Сейтқамза Ластаев атындағы мектептің басшылығына хабарластық. Мектеп директоры Гүлжан Төлегенованың айтуынша, америкалықтардың келгеніне оқушылар дән риза. Бүгін алыстан келген меймандар білім ордасымен, оқушылармен танысып, бой үйретіп жүр екен. Ертеңнен бастап оқушыларға сабақ бере бастамақ.

2019 жылы Тоқаев өз жолдауында қала мен ауыл мектептерінің арасындағы орта білім беру сапасы алшақтап жатқанын, оқушылардың білім сапасын арттыру маңызды екенін айтқан болатын. Бұл ретте, "Ауыл мектебі" жобасы пилотты режимде жүзеге асып, бірнеше мектеп іріктелген. Оның ішінде – осы Сейтқамза Ластаев атындағы мектеп те бар. 

“Жобаға қосылғаннан кейін біздің мектептегі оқу және тәрбие беру процесі назарға алынды. Оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізілді. Мониторинг нәтижелері негізінде оқушыларға әдістемелік қолдау көрсетілді. Мұғалімдерді кәсіби тұрғыда шыңдау және материалдық-техникалық базаны жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленді, мектептерді дамытудың жоспары жасалды. Жоба аясында мектебіміз ауыз толтырып айтатын жетістіктерге жетіп, халықаралық жобаларға қатысуға мүмкіндік алдық. Соның бірі – мектебіміз Масачусетс технология институтының оқыту бағдарламасына еніп отыр”, – дейді мектеп директоры.

Айтпақшы, Сейтқамза Ластаев мектебі  – Масачусетс технология институтының студенттері келген алғашқы ауыл мектебі.

Не үйретеді?

Америкалық студенттер Қатонқарағайға бірден топ етіп түсе салған жоқ. Мектеп директорының айтуынша, бұған дейін тараптар “ZOOM” платформасы арқылы байланысқа шығып, жобаның жай-жапсарын талқылап алған.

“Әңгімелесу барысында студенттерді қоныстандыру мәселесінен бөлек, қай сыныптардың оқушыларымен жұмыс атқарылатыны бекітілді. Нақтыласақ, Александр Эдуард 8-9 сыныптарға физика-математика бағытындағы пәндердің қыр-сырын үйретсе, Ханна Парк оқушыларға ағылшын тілін меңгеруге көмектеседі. Жалғыз оқушылар ғана емес, мектеп ұжымының да ағылшын тілін меңгеруге деген ықыласы жоғары”, – дейді Гүлжан Төлегенова.

Жалпы, бұл мектеп әу баста ағылшын тілін жетік меңгерген оқушыларымен мақтана алады. Тіпті, мұнда ағылшын тіліндегі дебат клубы бар екен. Өзге мектептермен сайысқа түсейін десе, қарсылас жоқ. Осы ретте, оқушылар америкалық студенттердің келгеніне қатты қуанып, білім деңгейін арттыруға құлшынып отырған көрінеді.

Өздері де үйренеді

Америкалық студенттер келе сала Қатонқарағайдың табиғатына тамсанып, қазақтың салт-дәстүріне қызыға бастаған. Мектепте садақ ату үйірмесі бар екен. Александр бос уақытында садақ атудың қыр-сырын үйренуге ниетті. Ал Ханна болса асық ойындарының шебері болғысы келгенін айтқан. 

“Америкалық студенттерді мектеп жанындағы интернатқа орналастыруды жөн деп санадық. Себебі, балалар тек сабақ кезінде ғана емес, бос уақытында да америкалық оқытушыларымен қарым-қатынас жасаса екен дейміз. Бұл – ағылшын тілін тез меңгеруге әсер ететіні сөзсіз”, – дейді мектеп директоры.

Табиғат демекші, америкалық студенттер Қатонқарағайдың климатын көріп, нағыз қысты енді сезініп жатқанын айтыпты. Демеушілік есебінен оларға қалың киім сатып алынып, барынша жағдай жасалып жатқан көрінеді. Жалғасы бар...

Серіктес жаңалықтары