×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

30 жылда 2 заң ғана қазақ тілінде әзірленген - Сенатор

13.01.2024, 12:47
30 жылда 2 заң ғана қазақ тілінде әзірленген - Сенатор
Коллаж Ulysmedia

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп заңдар орыс тілінде әзірленіп, кейін мемлекеттік тілге аударылатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Jibek Joly арнасындағы «Уәде» бағдарламасына сілтеме жасап.

Заң әлі орыс тілінде әзірленеді

Жүргізуші Ерболат Мұхамеджанға берген сұхбатында Нұртөре Жүсіп қазақ тілі туралы заңның өзі орыс тілінде әзірленгенін жеткізді.

“Қазақстанның қай заңы қазақша жазылды?! Отыз жылда екі-ақ заң қазақ тілінде әзірленіп қабылданған. Олар – көші-қон туралы заң және балаларға қатысты ілеспе заң. Бұрындары заңды үкімет өзі әзірлейтін. Заң жобаларының барлығы әділет министрлігінде тұжырымда ретінде жасалады. Кейін парламентке ұсынылады. Барлық заңдардың мәтіні орыс тілінде жазылып, кейін қазақ тіліне аударылады. Ол практика әлі жалғасып жатыр, – деді сенатор.

Аудармада қате тұнып тұр

Нұртөре Жүсіп қазақ тілінде жазылған заң мәтіндерін қараған уақытта өрескел қайшылықтарды көргенін айтты.

“Тіпті, біз Македониямен арадағы ратификацияда сыртқы істер министрлігіне арнайы мәлімдеме жасап, Айгүл Қапарова, Нариман Төреғалиев үшеуміз бас прокуратураға да хат жолдадық. Ол нота Македонияға жіберіліп, бір айдан кейін мемлекеттік тілдегі мәтінді түзетіп қайтарған жағдай болды. Парламент тарихында мұндай жайт бұрын болған жоқ” – деді ол.

Сең қозғалды...

Сенатордың айтуынша, сенат қабырғасында жобалық кеңсе жұмыс істейді. Бүгінде 3 отырыс өткен. Онда заң жобасын мемлекеттік тілде әзірлеу мәселесіна баса назар аударылған.

“Жақында үкіметтің оң қорытындысын алдық. Ғылым туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесіне қатысты бір заңның негізгі нұсқасы мемлекеттік тілде жасалды. Кейін орыс тіліне аударып, мәжілістің қарауына ұсынып отырмыз. Тағы да бірқатар заң жобасы бар. Келесі сессияға дейін 5-6 заң мемлекеттік тілде қабылданып қалуы мүмкін”, – дейді Н.Жүсіп.

Белгілі болғандай, қазір сенаторлар білікті аудармашылармен, заңгерлермен, сала мамандарымен тығыз байланыс орнатып жатқан көрінеді. Бұл ретте, Нұртөре Жүсіп заң жобасын мемлекеттік тілде әзірлеудің түк қиындағы жоқ екенін айтады. Бұл бағыттағы жұмыстар бір қалыпқа түссе, алдағы уақытта мемлекеттік тілде әзірленетін заңдар қатары арта түспек.