×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

AUSTRALIAN OPEN 2024: Фавориттер, сыйақы және турнир кестесі

15.01.2024, 11:45
Суреттер Australian Open ресми парақшасынан

Мельбурн, Аустралия. Жылдың алғашқы Үлкен Дулыға турнирі Аустралия ашық біріншілігі (Australian Open) басталды. Әлемнің үшінші ракеткасы, былтырғы финалист Елена Рыбакина бастаған жерлестеріміз қатысатын спорттық жарыс туралы білуіміз тиіс маңызды жайттарды назарларыңызға ұсынамыз.

Турнир қай күндері өтеді?

Australian Open 14 қаңтар басталып, 28 қаңтарға аяқталады. Биыл ұйымдастырушылардың шешімімен жарыс бірінші рет 15 күнге созылмақ (2024 жылға дейін 14 күн). Басты себеп - кешке басталатын кейбір ойындар түнге дейін жалғасып, ойыншылар мен жанкүйерлердің кеш қалмауын қамтамасыз ету.
Жарыстың негізгі кестесіне өту үшін 8-11 қаңтар аралығында әлемдік рейтингте 104 орыннан төмен тұрған теннисшілер іріктеу сайыстарына (квалификация) қатысқан еді. Арасында отандастарымыз Бейбіт Жукаев (188 ATP), Денис Евсеев (190 ATP) және Тимофей Скатов (222 ATP) болды. Өкінішке қарай үш спортшымыз да негізгі кестеге өте алмады.

Турнир қатысушылары мен жеңімпаздары қанша сыйақы алады?

Турнирдің жалпы сыйақы қоры 86,5 млн Аустралия  долларын құрайды. Былтырға қарағанда 13 пайызға артқан.

Жекелей сында жеңімпаздардың әрқайсысы 3,15 млн доллардан қалталарына салады. Финалист 1,7 млн ұтса, жартылай финалға шыққандар 990 мың доллардан алады. Турнирдің бірінші айналымында жеңілген спортшылар бос қайтпайды. Олардың әрқайсысына 120 мың доллардан үлестіріледі.

Australian Open сыйақы мөлшері:

Жекелей сын (ер және әйел)

Жеңімпаз: $3.15 млн

Финалист: $1.725 million

Жартылай финалистер: $990,000

Ширек финалистер: $600,000

4 айналым: $375,000

3 айналым: $255,000

2 айналым: $180,000

1 айналым: $120,000

Басты фавориттер кімдер?

Australian Open – 2023 жеңімпаздары (Cербиялық Новак Джокович және Беларусь теннисшісі Арина Сабаленка) биыл да қатысып жатыр. Сәйкесінше екеуі де басты фавориттер қатарында.

Жерлесіміз Елена Рыбакина да былтырғы  турнирдің финалисті, әлемнің үшінші ракеткасы, сондай-ақ жақында ғана Бризбанда өткен WTA500 турнирінің жеңімпазы ретінде титулға таласатын мықтылар қатарында. Әйелдер кестесінде көш бастап тұрған Ига Швентек (Польша) пен US Open-2023 чемпионы Коко Гауф (АҚШ), ал ерлер жағында Wimbledon-2023 жеңімпазы, әлемнің екінші ракеткасы Карлос Алькарас (Испания) пен US OPEN-2021 чемпионы Данил Медведев (Ресей) та жарыстың үздіктері тізімінде.

Қазақстан намысын кімдер қорғайды?

Жылдың алғашқы Үлкен Дулыға турниріне Қазақстан атынан Елена Рыбакина, Александр Бублик, Юлия Путинцева, Анна Данилина және Александр Недовесов қатысады. Жеребе қорытындысы бойынша жерлестеріміздің қарсыластары мен алғашқы айналым ойындарының күні белгілі болды.

Жекелей сын. Бірінші айналым:

15 қаңтар. Юлия Путинцева (Қазақстан) – Анастасия Захарова (Ресей) 

16 қаңтар. Елена Рыбакина (Қазақстан) – Каролина Плишкова (Чехия)

16 қаңтар. Александр Бублик (Қазақстан) – Сумит Нагал (Үндістан)

Жұптық сын. Бірінші айналым:

16 қаңтар. Юлия Путинцева (Қазақстан)/Камила Осорио (Колумбия) – Катерина Синиакова (Чехия)/Сторм Хантер (Аустралия)

16 қаңтар. Александр Недовесов (Қазақстан)/Гонcало Эскобар (Эквадор) – Нуно Боргес (Португалия) /Александр Вукич (Аустралия)

17 қаңтар. Анна Данилина (Қазақстан)/Виктория Грунчакова (Словакия) – Каролин Доулхайд (АҚШ)/Пейтон Стернз (АҚШ)

17 қаңтар. Александр Бублик (Қазақстан)/Душан Лайович (Сербия) – Матео Арнальди (Италия)/Андре Пеллегрино (Италия)

Турнир туралы

Australian Open “Үлкен Дулыға” санатындағы төрт ірі турнирдің біріншісі. Олардың қатарына Парижда (20 мамыр – 9 маусым) өтетін Франция ашық біріншілігі немесе Ролан Гаррос, Лондонда (1-14 шілде) өтетін Уимблдон және Нью-Йорк қаласындағы (26 тамыз-8 қыркүйек) US OPEN кіреді.
Australian Open алғаш рет 1905 жылы Мельбурн қаласында өтті. Ол кезде турнирді “Аустралазия біріншілігі” деп атаған. Өткені жарысқа тек Аустралия, Жаңа Зеландия және Жаңа Гвинея құрамалары атынан 17 әуесқой спортшы қатысқан.

1969 жылы біріншілік “OPEN” тіркесін алып, сайысқа әлемнің барлық елдерінен келетін кәсіби спортшыларға рұқсат берілді. Турнирді Ашық эрада ең көп сербиялық Новак Джокович (10 рет) жеңген.

Ресми сайты: www.ausopen.com 

Ерік Ильясов, Мельбурннан.

Серіктес жаңалықтары