Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Парламенті палаталарының бірлескен отырысы 2024 жылғы 19 қаңтарда сағат 10.00-де өтеді.
Мәжілістің баспасөз қызметі бұдан басқа ақпарат таратқан жоқ. Президенттің қатысатыны немесе қатыспайтыны да белгісіз.
Десе де ел құлағы елу – бірлескен отырыста қаралатын мәселелерді талқылап кеткендер бар. Желіде мәселен, біреулер Қазақстан әскерінің аздаған бөлігін бітімгер ретінде БҰҰ ұранымен ыстық нүктелерге жібергелі жатыр деп жазады. Екіншісі “Смайыловтың кабмині отставкаға кетеді екен” дейді. Соңғы нұсқаны атап өтетіндер көп. Олардың айтуынша, “жаңа премьер ретінде Серік Жұманғарин, Қанат Бозымбаев немесе Ерболат Досаевтың кандидатурасы қаралып жатыр-мыс”.
Әлихан Смайылов Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан кейін премьер-министр болып келген болатын. Екі жыл бұрынғы қантөгістен соң сол тұста үкіметті басқарған Асқар Мамин бірден отставкаға кетті де, арада бірер күннен кейін оның орынбасары болған Әлихан Смайылов орынтаққа қонжия етті. Яғни, биыл Смайыловтың үкімет басшысы болғанына тура 2 жыл толып отыр.
Смайыловтың премьерлікке келген кезі ел ішіндегі, әлемдегі күрделі уақытқа тұспа-тұс келіп, елде қымбатшылық үдеген. Тіпті инфляция 20 пайызға дейін барып, үкіметке бүкіл күшті сол бағытта жұмсауына тура келді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 9,8 пайызды көрсетіп (ресми есеп солай), президенттің былтыр инфляцияны 10 пайыздан түсіру тапсырмасы орындалғандай болып отыр. Десе де, үкімет басшысына да, мүшелеріне де айтылатын сын аз емес.