Еліміздегі экологиялық, жануарлар дүниесіндегі өзекті проблемаларды көтеріп жүрген белсенділердің бірі Сәкен Ділдахмет Ұлытаудағы табиғат қорғау инспекторлары мен жергілікті халық арасындағы болған жағдайға қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Киіктерді атуды басталғалы бері қазақ даласында тыныштық кетті. Әлеуметтік желілерде түрлі ақпараттар тарап, халықтың наразылығын біраз тудырды. Ақпараттық жұмыстың дұрыс қойылмауынан қоғамның ызасы жауапты министрлікке арта түсті. Негізі бұл шараға алдын ала дайындықпен келу керек еді. Жә, ол туралы кейінірек.
Осыдан бірнеше күн бұрын Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында белгісіз азаматтар мен "Охотзоопром" инспекторлары арасында киікке қатысты текетірес орын алып, аяғы төбелеске ұласты. Инспекторларға күш көрсеткен бір топ азаматтарды жергілікті құқық қорғау органдары ұстап, оларды уақытша қамауға алды.
Инспекторлардың қаруын тартып алып, көліктерінің кілтін алып кеткен күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандардың жақындары жергілікті әкімдікті жағалап, оларды босатсын деп талап етуде. Осы істің анық-қанығын білу үшін тергеу жұмыстарының нәтижесін күту керек. Мен ешкімнің жағында емеспін. Бірақ мынадай мәселелерге назар қою керек.Біріншіден, кез келген қорғау мекемелерінің инспекторларына қызметтік міндеттерін атқару кезінде күш көрсетуге болмайды. Олардың құқықтары заңмен қорғалған. Егер кез келген адам барып полиция қызметкерлеріне немесе шекара қызметкерлеріне күш көрсетсе не болмақ?! Құқық қорғау, табиғат қорғау саласының мамандарына жауапкершілікпен қарау керек. Дәл осындай жағдай шет елдерде орын алса, олар бірден қамап, керек десеңіз сол жерде атып тастай да алады. Сондықтан олай батырлануға болмайды. Заң бұзушылық көрдіңіз бе, онда бірден құқық қорғау органдарына хабар беріңіз.
Екіншіден, киіктердің санын реттеуге кез келген аңшы жергілікті органдарға өтініш беріп, сол жұмысқа қатыса алады. Жинаған киіктердің тушаларын алып, "Охотзоопромның" инспекторларына тапсырады. Олар бұл жұмысқа қатыстпайды, тек бақылайды. Бірақ мына жағдайға қарасақ, ұйымдастыру жұмыстарының шикілігін көруге болады, – деді ол.
Оның айтуынша, инспекторлар да өз жұмыстарына жауап берулері қажет.
Ұсталған азаматтар мен инспекторлар арасында облыс әкімі «мировой келісімге» келу керек деп айтты. Бірақ бұл көшедегі екі баланың төбелесі емес! Болды енді, қайтадан дос болыңдар деп айта салатындай.
Заңның алдында барлығымыз жауаптымыз. Инспекторлар да өз жұмыстарына жауап беру керек. Жақындары араша түсіп, күдікті азаматтарды босатуды талап етуде. Оны құқық қорғау органдары шеше жатар.
Осы киіктің жолында бірнеше инспектор қаза болды. "Табиғатты сүю керек" деген сөздің астында жылулықтың бар-жоғы ешкімге белгісіз.
* ҚР Қылмыстық кодексінің 380-2 бабына сәйкес күдікті азаматтар жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жаза ауыр, – дейді Сәкен Ділдахмет.