Риддер қаласында іргесі сонау 1939 жылы қаланған аурухана бар. Апатты деп танылған көне ғимарат әлі де елу мыңдай тұрғынға қызмет көрсетіп келеді. Ал емдеу мекемесінің жаңа ғимаратқа қашан көшетіні белгісіз, хабарлайды Ulysmedia.kz 24.kz. телеарнасына сілтеме жасап.
Көп салалы медициналық орталықтың құрылысы үш жылдан бері қаржы тапшылығынан тоқтап тұр. Арухана дәрігерлері стационарда орын жетпеген соң емделушілерге өз кабинеттерін босатып берген. Науқастар тар жерде емделіп жатыр. Қалыпты жағдайда бір науқасқа 7 шаршы метр жер керек. Бұл талаптар өрескел бұзылған.
"Мен палаталардың кең болғанын қалаймын, өйткені травматология, жеке кереуеттер болғаны жақсы. Операция жасалғаннан кейін жатып, өзін тыныш сезінгісі келеді", - дейді науқастардың бірі.
Көне ғимараттың терезелерінен жел гулейді. Аязды күндері азынап кетпес үшін терезелерін полиэтиленмен қаптап, көрпемен қымтап қойыпты.
Риддерге заманауи аурухана керек. Бұл мәселе ұзақ жыл бойы шешімін таппай келеді. 2021 жылы көп салалы медициналық орталықтың құрылысы басталды. Емхана, стационар бәрі бір жерде орналасады.
"Біз жаңа медициналық орталықты тағатсыздана күтіп жүрміз. Жағдайымыз осы. Тар жерде күн кешіп жатырмыз. Әсіресе науқастарға қиын", - дейді Риддер қалалық ауруханасы МКК бас дәрігері Гүлнәр Кітапбаева.