×
483.23
534.74
5.12
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
483.23
534.74
5.12

«Шетелдік БАҚ-қа тыйым»: Депутаттар даулы ұсынысын негіздей алмады

31.01.2024, 12:47
«Шетелдік БАҚ-қа тыйым»: Депутаттар даулы ұсынысын негіздей алмады
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәжіліс кулуарында журналистер бүгін депутат Анас Баққожаев пен Никита Шаталовқа жарты сағат бойы сұрақ қоюмен болды. Даулы ұсыныстарымен БАҚ пен әлеуметтік желіні дүрліктірген депутаттар Қазақстанда аккредитация алмаған шетел ақпарат құралдарының қызметіне тыйым салуды ұсынған. Журналистер "ұлттық қауіпсіздікке төндірген" материалдар бойынша нақты мысалдарды келтіруді талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Шаталов: менде нақты зерттеу жоқ

Аталған ұсынысты жұмыс тобында білдірген екі депутаттың бірі – Никита Шаталов. Оның өзі де парламентке дейін журналист болып жұмыс істеген.

– Мәселе біз айтып отырған ұлттық басымдықтар туралы. Аумақтық тұтастыққа қауіп төндіруге қатысты әңгіменің шыққанын білесіздер. Мұның бәрі айтылды. Журналистердің белгілі бір топтары бар... Мен Медузаны мысалға келтіремін (Қазақстанда бұғатталған ресейлік медиабасылым). Олар келіп, қаладағы бір-екі ессіз адамды жазып алып, Қазақстанның шығысындағы халықтың жалпы пікірі ретінде арандатты. Содан кейін мен олармен сөйлесіп (Медуза басылымымен), неге бұлай жасағандарын сұрадым. Мұндай арандатулар жалғасуы мүмкін. Біз алдын алсақ дейміз. Біздің ішкі істерімізге араласқысы келетіндерін түсінеміз. Бұл түзетулерді қолдаған жұмыс тобы бар. Сіз жабу туралы айтып отырсыз... Біз ол туралы айтып отырған жоқпыз. Біз біреудің ойына заңнаманы бұзу пиғылы келмесін деп, алдын алу шаралары туралы айтып отырмыз. Арандату фактілері бар, - дейді депутат.

Депутат 2015 жылы ресейлік Медуза басылымының Өскемен жайлы жазған мақаласын мысалға келтіріп отыр. Журналистер одан “ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірген нақты шетелдік БАҚ-ты атаңызшы” деп сұраған. Шаталов Медузадан басқа еш мысал келтіре алған жоқ. 

– Дәл қазір нақты зерттеулер жоқ. Мен нақты зерттеулерді атай алмаймын. Зерттеулерге сілтеме жасалса, керемет-ақ болар еді. Біз ақпарат алаңында әртүрлі тенденцияларды бақылап отырмыз. Біз арандатқысы келеді. Мен “Дождь” арнасына сұхбат берген кезде мені арандатқысы келді. Бізді пропогандалық нарративке тарту әрекеттері бар. Ол не керек? – дейді ол.

Баққожаевтың сөзінен

– Мен жұмыс тобының мүшесімін. Мен біраз ұсыныстарды бердім. Қоғамдық көліктерде мемлекеттік арналардың, радиолардың шығу керектігін айттым. Заңның әртүрлі тұстарын өз басым терең зерттеп отырмын. Конституцияның 61-бабына сәйкес, бізде жеке немесе заңды тұлғаларға кез келген шектеулер тек заңмен ғана жасалуы керек. Ал шетелдік БАҚ өкілдерінің аккредитациясын алар болсақ, ол қазір Сыртқы істер министрлігінің 2016 жылы бекіткен ережесінде ғана бар. Демек, ол заңды түрде ол жоқ. Неге бізге Конституцияның нормасын орындамасқа? Егер шын мәнінде жазылған ережелер болса, заңның деңгейіне көтермеске деген сауалды қойып, мен өзім осы ұсынысты беріп отырмын. Бұл ұсыныстарым ережеден заңға ғана көшіп жатыр. Ол ешқандай қатайған, күрделенген жағы жоқ. Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төну фактілері болған жағдайда СІМ заңға (заң жобасына) сәйкес, ол аккредитация беруден бас тартуына болады. Ол ережеде қазір де жазылып тұр, – дейді ол.

Журналистер депутаттан “дәл қазір сіз депутат ретінде қоғамның реакциясын бақылап отырған шығарсыз? Шетелдік БАҚ-тардан ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнген факттерді көрдіңіз бе?” деп сұраған. Баққожаев та әріптесі секілді бірде-бір мысалды айта алмады. 

– Ол бұрындары болды. Мысалы біздің еліміздің тұтастығына көп нұқсан келтіріп жатқандар болды. Ресей тарапынан депутаттардың сөйлеген сөзін күшейтіп, сепаратистік ойлар туындаған фактілер де болды. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, – дейді ол.

Журналистер “нақтысын айтыңызшы. Бізге сол керек. Сіздер белгілі бір ұсынысты берген кезде терең зерттеп, анализ жүргізген шығарсыз. Тектен текке бір күні ояна салып, ұсыныс берген жоқсыз ғой. Нақты факттерде ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнгенін айтыңызшы” деп өтінген. Бірақ депутат “бұл ешқандай БАҚ-қа қарсы жасалып жатқан жағдай емес” деп өз дегенінен қайтпады. 

– Сөз бостандығын шектеу емес. 2016 жылдан бері істеп тұрған қазір де ережелердің күші бар. Егер шын мәнінде, БАҚ өкілдері аккредитациядан өте алмай жатса, оған СІМ тиісті себептерін негіздеп беруі керек. Дәл сол ережедегі нормалар заңды деңгейге көшу үшін, мен айтып отырмын ғой, тек заңды статус беріп отырмыз. Менің ұсынысым осындай. Бұл тек ұсыныс. Ашық талқыланып жатыр. Журналистикада, БАҚ саласында жұмыс істеген депутаттар өте көп. Бұл қоғамдық бірлестіктер тарапынан да көп адам ашық түрде қатысып жатыр. Бір ғана министрлік шешпес үшін оны заңды деңгейге көтеру керек. Ал Азаттықтың аккредитация ала алмай жүрген фактісі бойынша мен ол фактіні білмеймін. Естідім, оқыдым. Азаттықтың репортажын көрдім. Бірақ оған СІМ өзі жауабын береді деп ойлаймын. Кез келген шектеулер сот шешімімен болуы керек. Кез келген журналист өзінің таза екенін, талаптарға сәйкес екенін сотта дәлелдейтін болса, басқа да шешімдер қабылданады, – дейді ол.

Депутаттар ұсынған өзгертулер күшіне енсе, сыртқы істер министрлігі “Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда” шетелдік ақпарат құралдарының өкілдіктері мен олардың журналистеріне аккредитация бермеу құқығына ие болады. Айта кетерлігі, үіметтің “Масс-медиа туралы” заңына толықтырулар Азаттық журналистеріне аккредитация бермеу жалғасып жатқан тұста жарияланған. Сарапшылар заңға ұсынылған жаңа толықтырулар сөз бостандығы жайын одан әрі қиындатып, Қазақстандағы тәуелсіз ақпарат құралдарының жабылуына әкеледі деп қауіптенеді.