Алматының Тау-Самал шағын ауданында қаза болған төрт адам бір отбасынан болып шыққаны белгілі. Әке-шешесі мен олардың егіз ұлы бір түнде қайтыс болды. Олардың Ресейде оқитын үлкен ұлы бар. Жас жігіт бір-ақ күнде отбасынан айырылды.
Бұл жайтты Ulysmedia.kz тілшісіне отбасының көршілері айтып берді.
- Он жыл бұрын бізде мұндай жағдай болған. Ол кезде бір қартаңдау әйел қайтыс болды, міне, қайғы айналып қайта келді: бұл жолы бірден төрт адам қайтыс болды: күйеуі, әйелі және олардың екі егіз ұлы. 2007 жылы туған балалар. Жап-жас, қыршын кетті. Ата-аналары да кәрі емес еді. Бүкіл отбасынан бір үлкен ұлы ғана қалды, ол Ресейде оқиды. Бір-ақ күнде бүкіл отбасынан айырылды. Қайғымызды сөзбен жеткізе алмаймыз, – дейді көршісі Анна Скворцова.
Лай көшкіні
Адам өліміне байланысты төтенше жағдайды тергеуді міндетіне алған арнайы комиссия тергеп-тексеріп, қылмыстық істің қозғалғаны белгілі. Әзірге құтқарушылар 3 мың текше метр балшық сырғып кеткенін айтады. ТЖД қайғылы жағдайдың алдын-ала себебі – топырақтың батпақтанып, сырғып кеткенінде дейді. Биікте тұрған үйлердің тұрғындары салған су құбыры, нөсер кәрізі немесе септиктер топырақты езіп жіберген деген де пікір айтылады.