×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Англия мектептерінде ұялы телефонды қолдануға тыйым салынды

25.02.2024, 07:57
Англия мектептерінде ұялы телефонды қолдануға тыйым салынды
Ашық дереккөзден

Жаңа ережелерге сәйкес тәртіпке бағынбағандардың смартфондары тәркіленеді, деп жазады Ulysmedia.kz.

Жергілікті білім министрлігі өкілдерінің айтуынша, ендігі жерде оқушылар сабақ кезінде гаджеттерге алаңдамайды және тәртібі мен мінез-құлқы жақсарады.

Бірақ тыйымның заңнамалық сипаты жоқ. Директорларға тек арнайы нұсқаулық жіберілді. Смартфондарды үйде қалдыру немесе уақытша бір жерге қоя тұру керек екенін мектептердің өздері шешеді.

Онлайн платформаларды бақылаумен айналысатын Ofcom компаниясының мәліметтерінше, 12 жасқа дейінгі балалардың 97 пайызында смартфон бар. Бұл оқушының ойын бөліп қана қоймай, кибербуллингке ұшыратып, әлеуметтік теңсіздік туғызуы мүмкін. Білім министрі мектеп директорларымен кеңесіп, мәселеге нүкте қойды.

- Балалар мектепке оқуға, достық қарым-қатынас орнатуға барады. Адамдармен араласуды үйренеді. Олар үнемі ұялы телефонда отырмауы керек. Хабарлама жіберіп, хат алмасудың орнына қатарластарымен әңгімелессін, - дейді Ұлыбританияның білім министрі Джиллиан Киган.

13 беттен тұратын нұсқаулықта мектеп мұғалімдеріне де смартфон ұстауға тосқауыл қойылған. Егер жұмысына аса қажет болмаса пайдаланбайды. Ата-аналар оқушылармен тікелей телефон арқылы емес, мектеп кеңсесі арқылы байланысуы керек.

Ұлыбританияда смартфонға оқудан тыс уақытта да толық тыйым салынған мектептер бар. Мұғалімдердің, ата-аналардың және оқушылардың айтуынша, бұл өте тиімді әдіс. Көбіне телефон қауіпсіздіктің кепілі бола бермейді, керісінше, интернеттегі зиянды контентке жол ашып, әлеуметтік теңсіздікке алып келетінін айтады сарапшылар.

Естеріңізге салсақ, Қазақстанда да оқушыларға мектепте ұялы телефон ұстауға тыйым салынатынын жазған едік. Сенат білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды мақұлдады.