Панфилов ауданы Пенжім ауылында кеше болған оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Пенжім ауылының мәдениет үйінде өтіп жатқан бүгінгі жиында Панфилов ауданы полиция бөлімінің бастығы Жандос Кавлиев мәлім етті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Кеше Розыбакиев орта мектебінде болған оқиға бойынша қазіргі полиция бөлімінде Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әділхан Нұрболға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Одан басқа дене жарақатын алған Керімбакиев Расул бойынша да кешкі уақытта ауруханаға түскен бойы 106-бабы бойынша 1 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу әрекеттері жүргізілуде. Осы оқиғада кеше кешке ауылдың жастары жиналып, топтасып, көше-көшені аралап, ауыл тұрғындарының үйлеріне тас лақтырып, терезелерін шағып, бұзақы әрекетін жасаған. Олар бойынша полиция бөлімінде 296 бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізілуде», - деді Жандос Кавлиев.
Оның айтуынша, қазір күдіктілерді анықтау барысында тергеу амалдары басталып, әкімшілікте әрқайсысынан жауап алынуда.
«Кешегі азаматтардың әрекеттері бей-жай қаралмайды. Әр іс-әрекетке тергеу жүргізіліп, құқықтық баға беріледі», - деді ол.
Өтіп жатқан жиынды Азаттық радиосы мен Жанна Арынбекова атты әлеуметтік желі қолданушысы таратып жатыр. Жиында дау туа бастаған кезде Жанна Арынбекова тікелей эфирді тоқтатты.