×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Бектенов әкімдерді «сылтау айтып, мәселені шешуге ниет танытпайды» деп сынады

27.02.2024, 14:28
Бектенов әкімдерді «сылтау айтып, мәселені шешуге ниет танытпайды» деп сынады
Үкімет

Үкіметте «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

– Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру жұмыстарының тиімсіз жүріп жатқанын атап көрсетті. Бұл мәселе Үкіметте бірнеше рет қаралды, бірақ әзірге нақты нәтиже жоқ, – дейді Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, былтыр 309 нысанды салу жоспарланған болатын. Алайда, жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары тым ұзаққа созылып, Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды әлсіретіп алған. Бектеновтың сөзінше, әкімдіктер де құрылыс орындарын анықтау, жер учаскелерін уақытылы бөлу бойынша түрлі сылтау айтып, мәселені шұғыл шешуге ниет танытпаған. Жобалау құжаттарын рәсімдеу мен сараптама мәселелері де тым кешеуілдеп кеткен. Сондықтан, ауылды жерлердегі медицина объектілерінің құрылысын бастау мерзімдері бұзылған.

– Мұның бәрі жоспарлардың өзгеруіне әкеп соқты. Соның салдарынан былтыр тек 99 объектіні тапсыру туралы шешім қабылданған болатын. Бірақ оның өзіне қол жеткізілген жоқ. Әлі күнге дейін 7 объект аяқталмады. Былтыр әкімдіктер типтік жобаларды жергілікті жерге байланыстыруға тиіс еді. Бұл жұмыс та аяқсыз қалды. Қазіргі таңда 239 объектінің жобалық құжаттамасы дайын, оның 109-ы бойынша ғана мердігер компаниялар айқындалды. Қалғандары әзірге нақты істен гөрі, жалаң сөз күйінде қалып отыр. Ал, құрылыс жұмыстарын алдағы наурыз-сәуір айларында бастау қажет. Денсаулық сақтау министрлігі болса, оларды қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдерді беруге асығар емес, – дейді ол.

Олжас Бектенов әкімдіктер де қаржыландыру мәселелерін шеше алмай келе жатқанын, әлі күнге дейін көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары басталмағанын айтады. Сондай-ақ, оларға медициналық жабдықтар сатып алу ісінде де жағдай мәз емес. Мұндай процедуралар көп уақытты алады. Премьер-министр министрлік олардың есеп-қисабын жүргізбегенін сынады.

– Медициналық ұйымдарды жиһаздармен және құрылыс материалдарымен жабдықтау кезінде отандық өндірушілерді белсенді түрде тарту қажет. «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес ұйымдары отандық тауарлар мен қызметтерді кеңінен сатып алып, өзіміздің қазақстандық тауар өндірушілерге, оның ішінде шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге тиіс. Қор басшылығының назарын, бірінші кезекте осыған аударғым келеді, – дейді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов былтыр ғана жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының басшысы Салтанат Әбдікәрімова «Самұрық-Қазына» қорының тауар сатып алу саясатын сынға алып, конкурстарда шикіліктің барын айтып, шағымданғанын еске алды. Кәсіпкерлердің пікірін қолдайтынын жеткізді. Осы саладағы жағдайды түбегейлі өзгертіп, отандық өндірушілерді қолдау жүйесін құру қажеттілігін айтты.

– Мұның ауылдық жерлердегі медицина объектілерін салу мен қамтамасыз етуге де қатысы бар. Ұлттық жобаны жүзеге асыру сапасын жақсарту үшін жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Жобаны үйлестіру және мониторингтеу міндеті «Turar Healthcare» ұлттық операторына жүктелген. Алайда, көріп отырғанымыздай, оның орындалу сапасы нашар. Объектілерге барып, құрылыс жұмыстарын бақылау жүргізілмейді. Әрбір объектінің құрылысын құжаттарды дайындау, қаржыландыру кезеңінен бастап, уақтылы тапсырғанға дейін күнделікті бақылауға алу қажет. Сондай-ақ, жаңа айтып өткеніміздей, медициналық жабдықтармен және персоналмен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмауға тиіс, – дейді ол.

Олжас Бектенов  облыс әкімдіктері Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге 1-ші сәуірге дейін жобаларға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді аяқтауды тапсырды. Денсаулық сақтау, Қаржы министрліктері мен әкімдіктер жобаларды қаржыландыру мәселесін жедел шешуге тиіс деп міндеттеді. Үшіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер биылғы жылы барлық объектілердің құрылысы мен оларды пайдалануға беруді нақты мерзімінде аяқтауы қажеттігін тапсырды.