Әкімдік Назарбаев университеті студенттеріне 8 наурызда әйелдер шеруін өткізуге тыйым салынды. Бұл жөнінде Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі Instagram парақшасында хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
"Назарбаев университетінің студенттеріне биыл әйелдер шеруін өткізуге тыйым салынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, былтыр шеру өткізгеннен кейін олар осыған ұқсас шараны шектеу жөнінде бейресми ескерту алған" деп жазылған ұйым хабарламасында.
Қазақстанның жастар ақпараттық қызметінің хабарлауынша, студенттер мен оқытушылар шеруді қолдап, петиция жариялаған. Енді олар халықаралық әйелдер күні қарсаңында пікірталастар ұйымдастырып, фильмдер көрсетуді жоспарлап отыр.
"Власть" сайтының жазуынша, бұған дейін университетте әйелдер шеруі қатарынан екі жыл өтіп келген. 2022 жылғы шеру кезінде Қазақстанның еңбек нарығында әйелдерге ерлерге қарағанда жалақы аз төленуі, жаратылыстану ғылымымен байланысты салаларда әйелдердің аздығы, гендерлік стереотип сияқты мәселелер қозғалған.
Қазақстанда бірқатар феминистік қозғалыстар да 8 наурызда әйелдер шеруін өткізуге рұқсат ала алмай келеді. Былтырдан бері Алматы қаласы әкімдігі "қоғамға қауіп төндіруі мүмкін" деп шеруге рұқсат етпей келеді. Алматы билігі нақты қандай қауіп екенін ашып айтпады.