Қазақстандағы Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының (ЦАРКА) басшысы Олжас Сәтиев Қазақстанда интернетте немесе телефон арқылы алаяқтарға көбінесе оңай олжа іздегендер ілігетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәжілісте бүгін киберқылмыспен, оның ішінде интернет-алаяқтықпен күрес мәселесі талқыланған еді. Отырыстан тыс журналистер алдына шыққан ЦАРКА басшысы көбінесе алаяқтарға кімдер алданатыны жөнінде ойын ортаға салды.
– Бізде оңай олжа іздеп, ат жалынан мал тапқысы келетіндер Тойота 40 немесе айфонның соңғы моделін ұтып алғысы келіп, түрлі конкурстарға қатысып, аузы күйіп жатады. Фишинг сайттарға өзінің жеке мәліметтерін енгізіп жібереді. Басқа жағдайда біздің азаматтар кейде кез келген қосымшаның “пират-нұсқасын” пайдаланғанды жақсы көреді. Арзан жерден бізге өзімізге қажетті қосымшаның “пират-нұсқасын” орнатқымыз келеді. Ол нұсқаларды “троя жылқысы” жасырынып жататынын ескермейміз. Осыдан кейін жарты немесе бір жылдан кейін біздің қосымшамыздан ақша ұрлап кетуі мүмкін. Ал сіз оны телефонға кезінде жүктеген қосымшалардың бірінен бәле келгенін білмей де қалуыңыз мүмкін, – дейді ол.
Олжас Сәтиев хакердің банктен байланысы болса, ол азаматтардың 100-200 мың теңгесін емес, Форбс тізіміндегі байлардың ақшасын ұрлауы мүмкін деп есептейді.
– Әдетте, банктердің қауіпсіздік жүйесін де бұзып жатады, – дейді ол.
21 млрд теңге ұрланған
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақтың айтуынша, киберқылмыспен, оның ішінде интернет-алаяқтықпен күрес, бүгінде қылмысқа қарсы күрестің басым міндеттерінің қатарында. Бүгінгі таңда интернет-алаяқтық қоғамды ерекше алаңдатып, ел басшылығының назарына іліккен. 2023 жылы 21-мыңнан астам осындай қылмыс түрі тіркелген. Олардың жыл сайынғы өсіп бара жатқаны байқалады.
– Осындағы депутаттардың поштасында айына бірнеше рет киберқылмыстың құрбандары жан айқайын жазып жатады. Біз мәселенің анық қанығын ашу үшін құзыретті органдарға жіберіп, жауабын аламыз. Мәселе, өте күрделі. Іс аяғына дейін жетпейді. Халық не айтады, «депутатта көмектеспеді», деп налиды. Ал, мұндай қылмыстардың негізгі себебі, олардың жасалуына жол бермеу үшін қолданылатын құралдардың жеткіліксіз функционалдығы болып табылады.
Сонымен қатар, қылмыстардың санына халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығының төмендігі айтарлықтай әсер етеді. Азаматтар көбінесе оларды жасау тәсілдері мен қауіпсіздік шаралары туралы білмейді, нәтижесінде олар алаяқтардың қулықтарына түседі, – дейді депутат.
Азаматтар алаяқтардың арзан тауарлар, тез байыту туралы айла-амалдарына тап болып, күдікті операциялар туралы хабарлаған банк қызметкерлеріне сенеді. Былтыр ғана осындай тәсілдермен 21 млрд теңге ұрланған. Бұл-азаматтардың банктегі жинақтары және оларға ресімделген кредиттердің сомасы.