×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Мен ұрлықты тоқтаттым»: Атырау МӨЗ-ден кеткен бас директор Астанада өз нұсқасын айтты

08.03.2024, 08:20
«Мен ұрлықты тоқтаттым»: Атырау МӨЗ-ден кеткен бас директор Астанада өз нұсқасын айтты
Коллаж: ulysmedia.kz.

Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы басшысы Ғалымжан Жусанбаев "мені қызметтен заңсыз босатты" деп, дау-дамайдағы өз нұсқасын жария ету үшін Астанада журналистердің басын қосып, баспасөз мәслихатын өткізді. Ол мұнай өңдеу зауытының бас директоры ретінде бір айдан астам уақыт қана жұмыс істеген. Жусанбаевтың баспасөз мәслихатында не дегенін Ulysmedia.kz тілшісі де тыңдап қайтты.

“Петицияға қол қойдыру үшін қысым жасаған”

Әуелі Жусанбаев ол жиынды елордадағы қонақ үйлердің бірінде өткізетінін хабарлаған. Алайда қонақ үй басшылығы тура басталар алдында залды беруден бас тартқан. Осылайша, баспасөз мәслихаты өтетін орын Ұлттық баспасөз клубына ауыстырылды.

Атырау МӨЗ-дегі даудың басы зауыттың 462 қызметкерінің Жусанбаевты қызметтен шеттету жөніндегі петицияға қол қоюдан басталған. Зауыт жұмысшылары директор "өзін дұрыс ұстамайды, есірткіге әуес, біліктілігі жоқ және бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған" деп мәлімдеген.

Ғалымжан Жусанбаевтың адвокаты Талғат Мұқатанов зауытта барлығы 2700 қызметкер барын, яғни петицияға жұмысшылардың жеке бір бөлігі ғана қол қойғанын айтады. Қолдың өзін қысыммен қойдырылды деп есептейді. Петицияға қол қойғандардың сан жағынан реті бұзылғанын атап өтеді.

Адвокат пен бұрынғы бас директор "соғысты" бұрынғы орынбасарлар бастағанын жеткізді.

Біз олардың алданғанын (жұмысшылардың) жақсы білеміз. Олардың кейбірі петицияның мазмұнымен таныспай қол қойса, екіншісі жұмысынан айырылып қалмас үшін қол қойған. Тіпті Атырау МӨЗ-де мүлде жұмыс істемейтін, бірақ мердігер санатындағы қол қоюшылар да бар, - дейді адвокат.

Ал Жусанбаев кейбір жұмысшылар өз бастықтарына қарсы шыға алмағандықтан, петицияға қол қоюға мәжбүр болғанын айтады. Басшыға сол жұмысшылардың өздері айтқан көрінеді.

Электр цехындағы бір жігіт мені қолдап шықты. Оны бірден жұмыстан шығарып жіберді, - дейді ол.

Жусанбаев расында қылмыстық жауапкершілікке тартылды ма?

Талғат Мұқатанов іс жүзінде Жусанбаев тек бір бап бойынша жауапкершілікке тартылғанын (ҚР ҚК 389-бабы – өзінше билік ету) айтады. Заңгер бұл істің 2014 жылы қозғалғанын, бірақ қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылғанын мәлімдеді. Ал петицияда Жусанбаевтың бірнеше бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны жазылған. Жусанбаев та, адвокаты да мұны жоққа шығарып, ресми органдардан соттылығының жоқтығы жөнінде және нашақор емес екенін дәлелдейтін психикалық және наркодиспансендерден құжатты көрсетті.

Ұрлық пен жемқорлық схемалары

Жусанбаевтың атына тағылған айыптың тағы бірі – "ұрлық саясаты". Алайда МӨЗ бұрынғы басшысы керісінше, ұрлық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестім деп санайды. Жусанбаевтың пайымдауынша, өзінің орынбасарлары мен зауыттың "элитасына" бұл әрекеті ұнамаған. Дау одан ары өршіген.

Ол зауытта өндірістегі шығындарды есепке алу жағынан мүлде бақылау болмағанын тағы да мәлімдеді. Осылайша, Жусанбаев Атырау МӨЗ-дің жоғары лауазымды қызметкерлері мұнай өнімдерін ұрлап келген деп есептейді. Сондай-ақ ол жөндеуіне бюджеттен қомақты қаражат бөлінген зауыттың жағдайына наразылық білдірген.

Менің ойымша, мен ұрлықты тоқтаттым. Зауытта еш камера жоқ. Сіздер зауыттың қандай күйде екенін көрдіңіздер ғой. Оны жаңғыртуға үш миллиард доллардан астам қаражат бөлінген, жыл сайын күрделі жөндеуге тағы қаржы бөлінеді, — деп сендіреді Жусанбаев.

Бізде түнде газ жағады. Газ жоқ дейді. Қалай жоқ? Оны сақтайтын жер жоқ. Бізде бензинді де, дизельді де сақтайтын жер жоқ. Түнде бәрін неге өртейді деп сұрадым. Алау 15 метр биікке дейін емес, 15 см дейін ғана жануы керек. Бұл – апаттық шара. Күн сайын апаттық шара неге жасалады? Неліктен түнде өртейді, неге күндіз өртенбейді, - деп сұрақ қояды ол.

Сонымен қатар Жусанбаев монополияға қарсы күрестім деп мәлімдейді. Бұған дейін Атырауда жұртшылық Жусанбаевтың мұнай өнімдерін тасымалдау үшін "Ақжайық" стансасын қалпына келтіргісі келетініне қарсы наразылық білдірген. Станса қала шегінде орналасқандықтан, тұрғындар бұл экологияға зиян тигізетінін айтады.

Жусанбаев болса, осы амалмен монополияға қарсы күрестім деп есептейді.

2017 жылы Атырау МӨЗ солтүстік-батыс жағында "Промышленная" теміржол стансасы іске қосылды, ол "РТИ-АМӨЗ"ЖШС монополист-компаниясына қызмет көрсетеді.

Бұған дейін барлық жүк Ақжайық арқылы жөнелтілген болатын. Бұл – мемлекеттік станса. Атырау МӨЗ де 100% мемлекеттік кәсіпорын. Содан кейін олар екінші жағынан жаңа филиал салды. АМӨЗ "РТИ-АМӨЗ"-де небәрі 30% иелік бар. Бірақ ол жаққа ешкім кіре алмайды. Филиал "теңдік" стансасына қарайды. Бастапқыда бұл станса Ақжайыққа түсіру үшін емес, Ақжайықты жабу үшін ашылды. Ақжайықта экологиялық проблема бар дейді. Экологиялық проблема жоқ. Ақжайық арқылы шығу тоннасына 1000 теңге, ал монополист арқылы шығу тоннасына 13 мың теңге тұрады. Монополиясыздандыру – бұл президенттің саясаты, - деп түсіндірді спикер.

Саботаж бен былапыт сөздер

Журналистер Жусанбаевтың зауытта жоғары температураға байланысты циркуляциялық компрессор тоқтаған кезде жұмысшыларды қорлап, дөрекі сөйледі деген қызметкерлердің шағымы жөнінде сұрақ қойған.

Жусанбаев өзін сол кезде дұрыс жағынан көрсетпегенін мойындады.

Біріншіден, мен жеке тұлғаларды ренжіткен жоқпын. Мен қалыптасқан жағдайға байланысты былапыт сөз айттым. Мен шыдай алмадым, эмоционалды реакция кетті. Бірақ мен күзетшілерді шақырған жоқпын, бұл – өтірік, — деп мойындады ол.

Сондай-ақ зауыттың экс-бас директоры зауыттың техникалық элитасы саботаж жасады деп санайды, өйткені оның жұмысы кезінде кәсіпорын үш рет тоқтаған.

Бұл – жай ғана саботаж. Бірінші ретінде олар бір жарым сағат ішінде жұмысын қалпына келтіре алар ді. Екінші аялдама кезінде Тәжікстанға 15 мың тонна мазут жіберуіміз керек болған. Содан кейін мазут құбыры тоқтап, қатып қалды. 10 күн бойы жылыта алмады. Содан кейін мен іссапарға ұшып кеттім, осыған байланысты оралуға тура келді. Бүкіл зауыт құбырды іске қоса алмады ма? Қайтып келсем, эстакадада бір адам, ал насос құрылғысында бір әже жүр. Басқа ешкім жоқ, - деп шағымданады Жусанбаев.

Жусанбаев бас директор позициясына оралуға ұмтылатынын айтып, заңсыз жұмыстан шығарылғанына сенімді екенін мәлім етті. Ол "ҚазМұнайГаз" ҰК-ге өзін АМӨЗ бас директоры лауазымына қалпына келтіру мүмкіндігін қарастыру туралы хат жазған. Жауап келмесе, сотқа жүгінбек.

Бір қызығы, Жусанбаев елордада жүргеніне қарамастан, "ҚазМұнайГаз" басшылығымен мүлде кездеспегенін, оны тіпті жоспарламағанын мойындады.

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы осы дау-дамай жөнінде Ulysmedia.kz тілшісі бұған дейін де жазған еді. Ақордаға жазылған арзу хат орта жолда қолды болды ма, кім білсін, әлеуметтік желіге шығып кеткен. Мәселе көптің аузында көптен жүрген – Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығындағы жанжал.