Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев биылдан бастап Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта аталып өтетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сондай-ақ ол Наурыз мейрамы Мемлекет басшысының ұсынысымен жаңаша тойланатынын еске салды.
Мереке 10 күн – 14-23 наурыз аралығында өтеді, бұл кезең Наурызнам деп аталады. Бірыңғай логотип бекітіліп, барлық өңірлерге жіберілді, - деді Сәбит Барлыбаев.
Ол Наурыз мерекесін тойлау бағдарламасымен де бөлісті:
14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі ретінде тойланады. Ол еліміздің батыс аймақтарында сақталып, енді барлық облыстарда тойлану ұсынылып отыр.
Жаңа жылдың символы Наурыз мейрамының соңғы күні 23 наурыз – Тазару күні болып жарияланады. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.
Сонымен қатар, 14-23 наурыз аралығында «Наурыз – базарлық» маусымы жарияланады. Бұл күндері сауда нүктелерінде жаппай сатылым, сонымен қатар жеңілдіктер қарастырылатын болады.