Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында діни мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық.
Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет, – деді Тоқаев құрылтайда.
Президенттің айтуынша, дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашқан. Сондай-ақ біздің өңірде өнер-ғылымның өркендеуіне және Әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдардың тарих сахнасына шығуына ықпал еткен.
“Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет.
Осы орайда Ясауи кесенесіне қатысты көне жәдігер туралы айта кеткім келеді. Ислам елдерінде әйгілі дін қайраткерлерінің бейіті міндетті түрде жапқышпен жабылады. Мәдинадағы Мұхаммед Пайғамбардың қабірі де осылай бүркелген. Бұл – Ислам өркениетінің дәстүрі. Ал қасиетті Түркістандағы Ясауи қабірінде көптен бері арнайы жапқыш жоқ. Талай заманнан келе жатқан көне жапқышты қалпына келтіру жұмысы біраз жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған. Мен құзырлы мемлекеттік органға осы құнды мұраны тезірек сапалы жөндеуден өткізіп, тарихи орнына қайтаруды тапсырамын», – дейді ол.
Тоқаев «халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек» дейді.
Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны өтіп жатыр. Оған президент Қасым-Жомарт Тоқаев және құрылтай мүшелері қатысуда. Бұған дейін алғашқы екі құрылтай Ұлытау мен Түркістанда өткен еді.