Ішкі істер министрі Ержан Сәденов ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке шыққан үкім жайлы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ержан Сәденов Самат Әбіштің үкімінің әділдігі туралы мәселені судьяларға жолдау керек деп мәлімдеді.
Біздің құзыретімізде қазір бұл азамат пробациялық бақылауда. Тәртіп бар, иә, оның кетуге құқығы жоқ, яғни шартты түрде ол тұрғылықты жерінде орналасқан. Үкімде мұның бәрі көрсетілген, яғни ол елден кетпеуі керек, тұрғылықты жерінде болуы керек, – деді ол Мәжілістің кулуарында.
ІІМ басшысы басқа мәліметтерді келтірмеді, соттың баспасөз қызметіне хабарласуға кеңес берді.
Айта кетейік, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары әрі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш кінәлі деп танылып, Қаңтар оқиғалары туралы іс бойынша шартты үкіммен сотталды.
Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі бойынша тергеу жүргізілген. Осы баптың санкциясы бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Сондай-ақ, жаза мүлікті тәркілеуді және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыруды қамтуы мүмкін.