Астанадағы әскери сотта бүгін "Айкөркем ісі" бойынша апелляциялық сот өтуі керек болған. Алайда ақталып шыққан Арман Жұманның адвокаттарының келмеуіне байланысты сот тағы кейінге шегерілді. Айдос Мелдехан тарапының адвокаты сот отырысының кейінге шегеріле беруін дұрыс емес деп есептейді.
Соттан кейін Ulysmedia.kz тілшісі Арман Жұман және жәбірленуші тараптың адвокаты Жан Күнсеркинмен тілдесіп, оларға бірнеше сұрақ қойды.
«Мен көлікті көрген де жоқпын»
Әскери сотта апелляция отырысы 20 наурызда сағат 15.00-де өтетіні хабарланған. Жабық сот болғаннан кейін журналистерге бұл іс бойынша сот ғимаратына кіруге рұқсат жоқ. Алайда үш аса сот ғимаратынан Арман Жұман жылдам шықты.
– Сіздің бұған дейін адвокаттардан бас тартып отырғаныңыз жөнінде ақпарат тарады. Қазір не болып жатыр?
– Мен басында адвокаттардан бас тартуымның себебі – өз арамыздағы түсініспеушілік болды. Жаңа адвокат болғаннан кейін оған іспен танысуға 12 томмен танысу үшін бір-ақ апта берілді. Сол адвокаттың өзі де екі қызды (адвокатты) «қайтадан шақырайық, олар бүкіл ақпаратты біледі, маған көмек керек» деді.
– Сіз айыппен келіспейсіз ғой?
– Бірінші отырыста мені ақтап шықты. Қазір апелляцияға беріп жатыр. Әкесі, адвокат та, прокурор да. «Мен көлікті көрдім, Айдос Мелдеханның кішкентай қызын мен тіпті атты» деп журналистер жазып жатыр. Ал негізі олай болған жоқ. Мүлде олай болған емес. Айдос Мелдехан сұхбатты көп береді. Бірақ көбінде жалған ақпарат таратады. Өйткені мен білем, ол жерде болдым. Ол көлік ол жерге келген де жоқ. Мен ол көлікті көрген де жоқпын. Мен көрмесем қалай бұйрық бере алам.
– Сіз олай болса қалайша айыпталушы болдыңыз?
– Енді оның бәрі құпия жағдайда. Қазір оның бәрін жария қылып айтсам, менің басым кетеді. Үстімнен басқа қылмыстық іс қозғайды. Егер бәрі ашық болғанда шындықты білетін едіңіздер. Мен қазір көп нәрсені айта алмаймын.
– Сіз өзіңіз ашық сотқа дайын болар ма едіңіз?
– Ашық сотқа ма!? Иә.
– Содан бері не істеп жүрсіз?
– Мен бөлімнің бақылауында жүрмін.
– Сол күні, 2022 жылдың 7 қаңтарында көлікті мүлде көрмегенсіз бе?
– Көрген жоқпын.
– Қалайша? Көлікті біреулер оқ жаудырды ғой?
– Әкесі 7-сі күні сағат шамамен үштің немесе төрттің кезінде ме, 102 нөміріне қоңырау шалған. Мүмкін сол кезде шығар!? Оның әкесі «үйде отырдым, ешқайда шыққан жоқпын» деді. Ал ол көшеге шыққан. Оны тіпті біз Тугиспен көрсетіп бердік. Телефон қоңырауларын да көрсеттік.
Осылай деген Арман Жұман сот ғимаратынан шығып кетті.
«Ақтау үкімінің күшін жойып, оны сот залында қамауға алуды талап етеміз»
Осыдан кейін жәбірленуші Айдос Мелдехан тарапының адвокаты Жан Күнсеркинмен тілдестік.
– Бүгін сотты тағы шегерді. Өйткені ақталған Арман Жұманның адвокаттары процеске келмеді. Жұманға мемлекеттік қорғаушы тағайындалды. Себебі қалай болғанда да қорғаушы керек. Заң бойынша, келісімшарт бойынша қорғаушылары сотқа келмесе, мемлекет белгілеген қорғаушы тағайындалады. Сотты үш рет шегерді. Іс қаңтар айынан бері созбалаңға салынды.
– Сіздердің тараптарыңыз нақты нені көздеп отыр?
– Жәбірленуші тарап та, прокуратура да оның ақталуымен келіспейді. Прокуратура кассациялық қарсылық білдірді. Біз де ақтау үкімінің күшін жойып, оны айыпты деп танып, бас бостандығынан айыру жөнінде өтініш жолдадық. Біз оны сот залынан қамауға алуды талап етеміз.
– Ақпарат көздерінде Айдос Мелдехан «Қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысты» деген видео тарады. Оны кім, қандай мақсатты таратып отыр?
– Өткен отырыста ол видеоны қайдан алдыңдар деп адвокаттарына сұрақ қойдық. «Интернеттен» дейді. Қашан болған деп сұрасақ, «Қаңтар оқиғасы кезінде» деді. Уақыты, күні, орыны көрсетілмеген. Соның бәрі жауапсыз қалып отыр. Бұл адамды қалайша Айдос Мелдехан деп отырғаны түсініксіз. Айдостың шашы Қаңтар оқиғасынан кейін ағарып кеткен. Дене тұрқы да келмейді. Жас жігітті видеода қарап жатқан жігіт медик пе дейміз. Жігіттің тамыр соғысын тексеріп жатқан сәті түсіпті. Олар сол видеодағы жігітті Айдос Мелдеханның фотосымен салыстырғысы келді.
– Сол арқылы нені көрсетіп, қандай мақсатты көздеген?
– Видеода Айдос деп көрсеткісі келеді. Мелдеханға бірақ сараптама жүргізіліп жатқанын ескертпеген. Заң бұзылып тұр. Оны не үшін істеп отыр? Қылмыстық-процессуалдық кодексте егер қандай да бір дәлелді өтініш ретінде іске тіркегіңіз келсе, онда не үшін сол құжатты енгізіп жатқанын көрсетуіңіз керек. Олардың логикасына салсақ, жәбірленуші тарап жаппай тәртіпсіздіктерге қатысса, бұл оларға көлікке оқ жаудыруға құқық берді ме?
– Арман Жұман,7 қаңтарда көлікке оқ жаудырылған сәтте сол жерде болмағанын айтады.
– 7 қаңтарда бәрі тынышталған күн еді. Қорғаушы тараптың логикасы бұл жерде қызық: алдымен, «олар көлікті көрмеген» дейді. Кейін «ол жерге мүлде бармаған» деді. Айдостың үлкен ұлы Бауыржан әу бастан дұрыс жауап беріп отыр. Ол нақты қай жерде оқ жаудырылғанын көрсетті. Біз көлікке оқ атылған сәтті көрген бір куәгер бар. Қалған куәгерлердің бәрі – әскери қызметшілер. Олар қылмыстық жауапкершіліктен құтылуға мүдделі.
Айдос Мелдеханды «қауіпті жағдайда қалдыру» ісі бойынша да жауапкершілікке тартпақ болды ғой. Логика қайда? «Қауіпті жағдайда қалдыру» деген кезде «қауіп деген сонда кім?» деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Қауіп – бұл жағдайда әскери қызметшілер.
Апелляция 28 наурыз сағат 11.00-ге қалды.
Ақтау үкімі
Еске сала кетейік, Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан төрт жасар Айкөркем Мелдеханның қазасына қатысты сот ісі 15 қарашада аяқталып, күдікті Арман Жұман ақталып шыққан еді. Оның өзіне тағылған айыппен келіспеген. Сот кезінде прокурор айыпталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Айыпталушы Арман Жұман "Билікті асыра пайдалану" (451-бап, 2-бөлігі 1-тармағы) бабы бойынша айыпталған.
Үкімнен соң Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан "сөзім жоқ, адам өлтіргендерді ақтады, жауапкершілікке тартылған жоқ" деп қысқа қайырды. Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Жан Күнсеркин сол кезде апелляциялық шағым түсіретінін айтқан еді.
Қаңтар оқиғасы кезінде, атап айтқанда 7 қаңтарда Айдос Мелдеханның балалары отырған көлікке оқ жауған. Оқиға кезінде оның 16 жастағы қызы жараланып, 4 жасар Айкөркем қаза болды. 8 жасар ұлы психологиялық шок алған. Айкөркемнің қазасына байланысты іс 2022 жылы желтоқсанда "адам өлтіру" бабымен қозғалып, кейін билік өкілетін асыра пайдалану" бабына ауыстырылды.
Жалпы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда 238 адам көз жұмды.