Премьер-министр Олжас Бектенов егіс жұмыстарына дайындыққа маңыз беріп, салалық министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма жүктеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әкімдіктердің жұмысы көрінбейді
Үкімет отырысында бүгін егіс науқаны, астықтың бітік шығу мәселесі талқыланған. Ресми есептерге сүйенсек, «Кең Дала» бағдарламасы бойынша алда аграршыларға жеңілдікпен 140 млрд теңге кредит беріледі. Сондай-ақ жергілікті бюджеттерден қосымша 100 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржы көздері көктемгі науқандық жұмыстар мен күзгі егін орағына қосымша 425 млрд теңге жеңіл несие бағыттауға жол ашпақ.
Сонымен қатар жеңілдетілген бағамен 340 мың тонна дизель отынын бөлу жоспарланып отыр. Форвардтық сатып алуға 40 млрд теңге және субсидиялар түрінде 95,4 млрд теңге қаралған.
– Естеріңізде шығар, өткен жылғы қолайсыз ауа-райы астықтың сапасы мен көлеміне айтарлықтай кесірін тигізген болатын. Көп зардаптың алдын алып, оның салдарын барынша азайтуға болатын еді. Құрғақшылыққа төзімді сорттар бар. Суармалы алқаптарды кеңейту қажет. Егіс алқаптарының құрылымынан дәнді-дақылдарды әртараптандыру қарқыны төмен екенін байқауға болады. Әкімдіктердің тарапынан бұл бағытта белсенді жұмыс көрінбейді. Диқандар өңірлердің нақты жоспарлары мен салалық министрліктің міндеттерінен бейхабар, – дейді отырыста Олжас Бектенов.
Оның үстіне Бектеновтың сөзінше, егіншілердің арасында суды көп қажет ететін дақылдардың егіс алқаптарын әдейі азайтып көрсету фактілері де кездеседі. Бұл су тапшылығына байланысты қалыптасып отырған күрделі ахуалды одан сайын қиындатып жібереді. Жалпы, егіс алқаптары мен статистиканың нақтылығына қатысты мәселелер бар дейді ол. Осыған байланысты егіс алқаптарын әртараптандыру және қажетті статистикалық деректерді жаңарту индикаторлары әр өңірге жеткізілген.
– Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ұлттық статистика бюросы әкімдіктермен бірлесіп, бұған айрықша назар аударғаны жөн. Сондай-ақ сапалы тұқым қоры мен тұқымның импортына тәуелділік бойынша да проблемалар жеткілікті. Әсіресе, бұл ұсақ және орта шаруашылықтар үшін өзекті болып отыр. Фермерлер жақсы тұқымға қол жеткізу мүмкін еместігін айтып, шағымданады. Азық-түлік корпорациясы жинақталған қордан кемінде 200 мың тонна тұқымды мұқтаж фермерлерге тауарлық кредит түрінде бөлуі керек. Біздегі климаттық жағдайларға төзімді, өзімізде шығарылатын тұқымдық қордың көлемін ұлғайту қажет.
Сонымен қатар агротехнологиялық талаптардың сақталмауы да өнімнің көлемі мен сапасына кері әсерін тигізіп отыр, – дейді Бектенов.
Басқа да мәселелер
Үкімет басшысының сөзінше, минералды тыңайтқыштардың, пестицидтер мен өсімдіктерді қорғайтын басқа да құралдардың қажетті мөлшерін қолдануға қатысты мәселе бар.
– Бізде былтыр тыңайтқыштарды қолдану деңгейі ғылыми қажеттіліктің небәрі 21%-ын ғана құрады. Президент бұл көрсеткішті барынша ұлғайту туралы нақты міндет қойды. Жоспар бойынша биыл тыңайтқыштарды қолдану деңгейін 46%-ға жеткізу қажет. Ол әрі қарай, яғни ғылыми талаптар толық орындалғанша тұрақты түрде өсіп отыруға тиіс. Қаржы, экономика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы министрліктері мен әкімдіктер фермерлерді тыңайтқыштармен қамтамасыз ету және қаржыландыру мәселесін шешуі қажет. Бұл топырақтың тозуынан, алқаптардағы арамшөптерден болатын шығындарды да айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді, – дейді ол.
Бес мәселе білсеңіз
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасының тозуы өткір проблема күйінде қалып отыр. Қазіргі таңда жалпы техника паркінің шамамен 75%-дан астамының тозығы жеткен. Бұл мәселе де тиісті шешімді талап етеді. Бектенов осы ретте бес мәселеге назар аударуды тапсырды.
Бірінші. Ақпараттық жүйе арқылы жеңілдікті дизель отынын алу үшін өтінім беруге үлгермей қалған облыс әкімдіктері мен егіншілердің тарапынан өтініштер келіп түсуде. Оларға аталған рәсімдерден өтіп, жанармай алуға мүмкіндік беру керек. Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен облыс әкімдіктері арзандатылған отынның бөлінген көлемін жеткізуді бақылауға алып, операторлардың оны дер кезінде тиеп-жөнелту жұмыстарын қамтамасыз етуге тиіс.
Екінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары шеңберінде жемшөп дақылдарының қажетті көлемін егуді қамтамасыз етсін.
Үшінші. Су ресурстары министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, вегетациялық кезеңде оңтүстік өңірлерді суармалы сумен тұрақты түрде қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет.
Төртінші. Ұлттық экономика, қаржы министрліктері және «Бәйтерек» холдингі 1-ші мамырға қарай ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингін қаржыландыруға қаражат бөлсін. Оның түпкілікті қарыз алушы үшін ставкасы 5%-дан аспауға тиіс.
Бұл ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға қосымша серпін береді.
Бесінші. Қаржы, ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы министрліктері заманауи агротехнологияларды сақтауды ынталандыру мақсатында 1-ші маусымға дейін тиісті субсидиялар бөлу мәселесін шешуге тиіс.