Целиноград ауданы Қоянды ауылында кеше түннен бері су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«27 наурыз сағат 06:00 жағдай бойынша 80 мың текше метр еріген су тартылды. Ақмола облысы мен Астана қаласы ТЖД және ЖАО 17 бірлік техникасы, 76 адамы және 18 мотопомпасы жұмылдырылды. Жағдай қалыпты», - дейді Ақмола облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Қанат Доспаев.
Қояндыдағы наразылық
26 наурыз күні Астанаға 20 шақырым жердегі Қоянды ауылының тұрғындары су тасқыны қаупіне байланысты жергілікті биліктен төтенше жағдай жариялауды талап етіп, наразылыққа шыққан. Қояндыға кіреберістегі жолды бөгеген. Тұрғындарға жергілікті биліктің өкілдері барған. Арықтың жоқтығынан көшелерге, үйлерге су жайылған. Ауыл тұрғындары мұның бәрі қардың күрелмегенінен туындағанын айтады.