×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Тоқаев жазушы Сәбит Досановтың жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады

31.03.2024, 10:01
Тоқаев жазушы Сәбит Досановтың жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады
Ашық дереккөзден

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті қаламгер, драматург, «Отан» орденінің иегері, Мемлекеттік және М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты Сәбит Досановтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты, деп жазады Ulysmedia.kz Ақордаға сілтеме жасап.

– Сәбит Айтмұханұлы қазақ әдебиетінің өркендеп қанат жаюына елеулі үлес қосты. Ұлттық проза мен драматургияның дамуына нағыз шығармашыл тұлға ретінде бар саналы ғұмырын арнады. Көркем туындылары сүйікті оқырмандарының тарапынан жоғары бағаланды. Соңына өшпес әдеби бай мұра қалдырған Сәбит Айтмұханұлының жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.

Сәбит Досанов кім?

Сәбит Айтмұханұлы Досанов 1940 жылы 12 қаңтарда Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байғабыл ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) тәмамдаған.

1985-1989 жылдары КСРО әдебиет қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, 1991-1995 жылдары Республикалық Халық шығармашылығы және мәдени қызмет көрсету орталығының Бас директоры, 1996-1997 жылдары мемлекеттік «Қайнар» баспасының Бас редакторы болып істеді.

Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарған. Африкадағы Дүнду, Қазақстандағы Қостанай қалаларының, Ақсуат, Аманкелді аудандарының құрметті азаматы. Көптеген роман, повесть, әңгімелердің авторы. «Қайырлы таң», «Жанр тағдыры», «Сексен бестің көктемі», «Адаспаңдар, адамдар», «Тотем под чадрой», «Тензор степного кургана» атты кітаптары бар.

1998 жылы мемлекеттік «Санат» баспасынан қазақ тілінде, ал 2003 жылы Мәскеудің «Советский писатель» баспасынан орыс тілінде «Жиырмасыншы ғасыр» романы жарық көрді. 2002 жылы «Советский писатель» баспасынан таңдамалы шығармаларының бір томдығы жарыққа шықты. «Дауыл», «Ертең бюро» атты драмалары М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Атырау, Жезқазған, Семей, Тараз, Бішкек қалалары сахналарында қойылды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Ресей педагогика және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі. Қырғызстан Республикасының «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері. 2012 жылы желтоқсанда ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.