Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев экс-президентпен байланыстырылатын ГЭС-тер енді жеке тұлғаларға сатылмайтынына кепілдік беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Ақпарат құралдарында Өскемен және Шүлбі ГЭС-терін Самұрық-Қазына қорынан Самұрық-Энерго компаниясына беру жөніндегі шешім шықты. Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан мен Катар мемлекетінің бір қоры арасындағы осы ГЭС-терді инвестицияға айырбастау жөніндегі жоба болған. Ол жобаның артында сөйтсек, сол кездегі Ескі Қазақстанның өкілдері тұр екен. Қазір осы Өскемен және Шүлбі Самұрық-Қазына қорынан Самұрық-Энерго компаниясына өткізу сол қадамның жалғасы емес пе? Тағы да сіздер, ақалай-мақалай жасап, халықтың меншігін тағы біреуге өткізгелі жатқан жоқсыздар ма? – деп сұрады Ерлан Сайыров министрден.
Бұл сұраққа жауап берген Алмасадам Сәтқалиев бұл активтерді Самұрық-Энергодан кейін басқа біреуге сату жоспарланып отырмағанын айтады.
– Гидроэлектростанциялар энергетиканың негізгі нысандары. Гидротехникалық құрылымды тиімді істету ғана емес, реттеуші қуаттылығын қамтамасыз ету де, судың уақтылы жиналуы да үлкен шаруа. Сол себепті активтерді беру жөнінде ешқандай әңгіме жоқ. Катарлық инвестор туралы әңгіме болғанда жаңа су электр станциясын салу жөнінде айтылған. Шүлбі ГЭС-те контрреттеуші құрылым салу көзделген. Жаңа станция су жинауға көмектеседі, – деді Сәтқалиев.
Сайыров сұрағын қайталап, “сіз осы активтер ешкімге беріліп кетпейтінін кепілдік бересіз бе?” деп министрге қайта сұраған. Сәтқалиев “өз құзыреті шеңберінде аталған ГЭС-тер жеке адамдарға сатылмайтынын кепілдік беремін” деп жауап берді.
Осы ақпаратпен қатар, Үкіметтің Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты екі гидроэлектростанцияны (ГЭС) иеліктен шығаруға рұқсат бергені бүгін хабарланды. Үкімет қаулысымен "Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қорына "Өскемен СЭС АЭС" ЖШС - не қатысу үлесінің 100% - и және "Самұрық-Энерго" АҚ-ның пайдасына "Шүлбі СЭС АЭС" ЖШС-не қатысу үлесінің 100% - по иеліктен шығару жөнінде мәміле жасауға рұқсат етілген.